Өзбекстан Президентінің кенже қызы Шахноза Мирзиёева Мектепке дейінгі білім беру министрлігі Мектепке дейінгі білім беру саласындағы саясатты қалыптастыру және жүргізу басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды fergana.agency.
2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Шахноза Мирзиёева мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін ұйымдастыру және стратегиялық даму басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.
Ал оның күйеуі Отабек Умаров Президент қауіпсіздігі қызметі басшысының бірінші орынбасары, оның үстінде наурызда республикалық үшсайыс федерациясының тізгігінін қолына алған.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың сәуірінде Өзбекстан Президентінің үлкен қызы Саида Мирзиёева басшылық лауазымға ие болған. Ол Президент әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары болып тағайындалған еді. Шавкат Мирзиёевтің үш баласы бар: екі қызы және ұлы. Баласы – Миралишер әлі мектепте оқиды