Жамбыл облыстық қазақ драма театрында "Келешекке – кемел біліммен!" тақырыбында білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті.
Жиынға Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова және ұстаздар қауымы қатысты. Конференцияда сөз сөйлеген қала әкімі ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі – білім саласы екенін айта келе Тараз қаласының білім беру саласына бөлінетін қаржы жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтты.
- Биылғы жылы білім саласына республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен 24 миллиардтан астам теңге қарастырылды. Қазіргі күні қаламызда үш ауысымды мектеп мәселесі жойылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде "Бәйтерек" мөлтек ауданында 1200 орынды мектеп пайдалануға берілді. Келешекте қала мектептеріндегі оқушылар орнының тапшылығын жою мақсатында "Казарма" алқабында 300 орындық мектептің, "Қайнар", "Барысхан" және "Шалғай Қарасу" алқаптарында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептердің және Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясына 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттың құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи жабдықтау – басты назарда. Өткен оқу жылы 41 мектеп сымсыз интернет желісімен қамтамасыз етіліп, бүгінгі күні 60 мектептің барлығында кең жолақты интернет желісі бар. Мектептердің 35 пайызы робототехника кабинетімен жабдықталған болса, биыл тағы 10 кабинет алынып, бұл көрсеткіш 51 пайызға жететін болады", – деді Қайрат Досаев.
Сондайақ, конференцияда баяндама жасаған қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өткен жылы атқарылған жұмыс пен жаңа оқу жылына енгізілген өзгерістер жайлы айтып өтті.
Бұдан өзге, жиында облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали, "Болашақ" бағдарламасының түлегі, Кембридж университетінің докторанты Гүлмира Қанаева сөз сөйлеп, бірқатар ұстаздар марапатталды. Оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастырып, үлкен жетістік пен жоғары нәтиже берген Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, №24 гимназия, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназия, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия және №54 орта мектеп пен №32 орта мектеп басшыларына бірнеше ноутбуктің сертификаттары табысталды.