Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің алғашқы Жолдауын жолдады. "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" тақырыбындағы жылдың бас құжатында Мемлекет басшысы әлеуметтік және экономикалық саясаттағы негізгі басымдықтарды айқындап берді. Мұның барлығы әрине ел игілігі үшін. Өйткені Президент сөз басында қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғандығын да атап көрсетті. Әсіресе Жолдаудың "Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика" аталатын үшінші басымдығының екінші "Квазимемлекеттік сектордан қайтарымды арттыру" бөлімінде айтылған мәселелер көңіліміздегіні тап басты десе де болады.
- Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселелерімен жүйелі және пәндік түрде айналысуы қажет. Бұл табиғи монополистердің тауарлары мен қызметтеріне қатысты. Елімізде азық – түлік пен киімнен түрлі қызметтердің құнына дейін бағалар жоғары екені құпия емес. Мысалы, негізгі әуетасымалдаушының ең қажетті бағыттар бойынша авиабилеттері неге әлдеқайда қымбат, кейде Еуропаға қарағанда 30 пайызға дейін жоғары?! Біздің әуежайлар қызметтерінің салыстырмалы жоғары құны немен негізделген? Неге қазақстандық әуежайларда шетелдік тасымалдаушыларға арналған авиаотынның құны отандық тасымалдаушыларға қарағанда жоғары? Нәтижесінде Қазақстанның авиациялық саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады, елдің транзиттік әлеуеті төмендеуде, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент көтеріп отырған мәселе өте орынды. Әсіресе, бұл ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлер үшін Қазақстан секілді транзиттік мемлекеттен өтетін туристерді көптеп тартуға мол мүмкіндік берер еді. Әрине ол үшін алдымен бағаға мониторинг жасау шарт. Өзіңіз ойлаңызшы, елордамыз Нұр-Сұлтанға ұшатын "ЭйрАстана" компаниясының бағасы тым қымбат. Біз сонда астанаға ұшып баруымыз үшін айлық-жалақымыздың жартысын төлеуге мәжбүрміз. Екіншіден, өздеріңізге белгілі, жуырда осы аталған компанияның еншілес "FlyArystan" әуе компаниясы бастапқыда "Алматы-Тараз" бағытында билет құнын 4000 теңге көлемінде қойып еді, жаз айларында билет құны тіпті шарықтап кетті. Көптеген мемлекеттен келетін туристер алдымен Нұр-Сұлтан, Алматы шаһарларына табан тірейді. Ал осы орталықтардан өңірлерге шығатын бағыттарда баға жоғары болса, тіпті жолға шықпасы тағы анық.
Иә, авиабилеттер бағасы бізде Еуропа мемлекеттеріне қарағанда жоғары. Екіншіден, шетелдік тасымалдаушыларға авиаотынның құны жоғары болуы да осыған сеп болып отыр. Бұдан бөлек билет тапшылығы тағы бар. Сондықтан Президент бұл мәселені дер кезінде көтерді деген ойдамыз. Үкімет мониторинг жүргізсе, осы істің түйінін тарқата отырып логистиканы да дамытуға жол ашылады. Өйткені елімізде логистика әлі де болса қарқынды дамымай отыр.
Ал Президент Жолдауында көтерген әрбір басымдық нағыз күн тәртібіндегі мәселелер деп санаймын. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік желіде кері байланысқа жиі шығатындықтан, елішілік мәселелерге әбден қанық екені байқалады. Ең бастысы, баянды іс басталды, сең қозғалды. Ендігі жерде біздің де оған жанашырлықпен атсалысуымыз керек.
Альбина Веймер, "Золотой Караван" туристік орталығының директоры, Жамбыл облыстық ішкі және кіру туризмі қауымдастығының төрайымы