Жаһандану дәуіріне жасалған тың серпін - Сарыбеков

Жолдауда Президент ауылда сапалы өмір сүру шарттарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары жөнінде Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнады. Әлемдік тәжірибеде кез келген Мемлекет басшысы лауазымдық қызметіне кіріскеннен кейін мемлекетті басқару, дамыту стратегиясын айқындап халыққа жолдау арнау дәстүрге айналған.

Бұған дейін де Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау жасап, елдің алдағы уақытта атқарылатын ауқымды істерін бағдарлап, олардың шешу тетіктерін анықтап беретін.

Нәтижесінде әлемдік қауымдастық Қазақстан Республикасының даму жолын "Назарбаев моделін" мойындап отыр. Дәстүрге айналған бұл үрдіс саяси сабақтастық арқылы еліміздегі ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарымыздың орындалуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Өз қызметінде әрқашан да ашықтық принципін ұстанатын Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі таңдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани саладағы өзекті мәселелерді нақты анықтап, олардың тиімді шешу жолдарын белгілеп, қоғамның жаңа даму кезеңіндегі бағыт-бағдарларын негіздеді. Жолдау – бағдарламалық құжат ретінде мемлекеттің келесі жылға арналған жол қартасы болып танылған. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Халқына арнаған алғашқы Жолдауы болғандықтан, қоғам өмірінің негізі болып табылатын экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-рухани салаларындағы өзекті мәселелерді толығымен қамтып отыр.

Қоғамда қордаланып қалған бұл мәселелер жөніндегі алғашқы бастамалар мен міндеттер Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен ұлықтау рәсіміндегі он басым бағытында көрсетілген болатын. Соның заңды жалғасы ретінде Жолдауда Үкімет алдында тұрған ортақ міндет ретінде азаматтардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін мемлекет қалыптастыру, кез келген шиеленісті тек бейбіт жолмен, диалог арқылы үйлесімді шеше алатындай мемлекет құру қажет екендігін алға тартты. Бұл үшін мемлекеттік деңгейдегі негізгі міндеттің бірі - азаматтық қоғамды нығайту және қолдау болып табылады. Сондай-ақ осы тұста Президент үкіметке азаматтардың құқығын қорғауға баса назар аударуды тапсыра отырып, сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін терең реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу қажеттігіне тоқталды.

Алдағы еліміздегі елеулі оқиғалар, соның ішінде әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы, маңызды мерекеміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты атқарылатын іс-шаралар - нағыз отаншыл жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуы керек.
Қоғамның жаңғыруында жаңа технологиялық құбылыстар: 5G, "Ақылды қала", үлкен мүмкіндіктер, блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржылық құралдарды заңнамалық негіздерін даярлаудың маңызды екендігі айтылды.

Жолдауда Президент ауылда сапалы өмір сүру шарттарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Сол себепті Елбасының "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасын жалғастыру қажеттілігіне тоқталды. Қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыру да жеке мәселе ретінде қаралып, оны жетілдіру бойынша Ұлттық банкке арнайы тапсырма берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі жаһандану дәуірінде адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптардың жаңа деңгейге көтерілуіне байланысты сапалы білім алу - қарқынды дамудың басты шартына айналатындығын баса көрсетті.

Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер жүктейді. Жолдауда көрсетілген мамандар даярлаудың отандық жүйесін еңбек нарығына бейімдеу үшін сұранысқа ие мамандарды дайындауда еліміздің жетекші университеттерінде даму бағдарламаларына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі тарапынан әлеуметтік жағынан аз қорғалған көп балалы отбасылар үшін және дарынды балаларды қолдау мақсатында мемлекеттік гранттың сандары едәуір арттырылды. Мысалы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жаңа оқу жылында университетке мемлекеттік тапсырыс бойынша 533 студент қабылданса, оның 12-сі алтын белгі және 87 үздік аттестат иегерлері. Студенттердің озық білім сапасын қамтамасыз етуде 205 жаңартылған білім бағдарламасы әзірленіп, оның 160-тан астамы реестрге енді. Жолдауда көрсетілгендей студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университетте білім алушыларға арналған 500 орындық заманауи жабдықталған жатақхана құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланған.Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан білім алушыларды қолдау мақсатында жеңілдіктер қарастырылып, университетте арнайы Ереже бекітілген.

Волонтерлық қозғалыстың азаматтық қоғамды нығайтудағы рөліне тоқтала отырып, Мемлекет басшысы Жолдауда келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялап, адамдардың қоғамдық еңбекке өз еркімен араласуын ынтыландыру мәселесін көтерді. Бұған қатысты айтар болсақ, ТарМУ-да өткен оқу жылында 100-ден астам білім алушылардан тұратын "Біз біргеміз" волонтерлық қозғалысы құрылып,жүйелі түрде ізгілік акцияларын өткізу дәстүрге айналуда.

Сондай-ақ Жолдауда Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспар қабылдау қажеттілігі туралы айта келе, нәтижесінде дені сау әрі белсенді жастарды қалыптастыратынымызды атап өтті. Университетте білім алушылардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалған. Оның нәтижесін біздің студенттеріміздің республикалық, халықаралық жарыстардағы жеңістерінен көруге болады. Жақында ғана Италияның Неаполь қаласында өткен 30-шы Бүкіәлемдік универсиадада дзюдо күресінен Ғалымжан Қырықбай абсолюттік біріншілікті жеңіп, чемпион атанды.

Жолдауда ұлттың дамуын қамтамасыз етудің негізгі кепілі ретінде ғылымға ерекше мән беру қажеттілігі баса айтылған. Бұл жерде отандық ғылымды дамытуда ЖОО-ның рөлі ерекше екендігіне тоқталсақ, университетте бұл салада да бірқатар жетістектерге қол жеткіздік. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының халықаралық, республикалық және аймақтық байқауларында 103 студентіміз жүлделі орындарды иеленіп, бір студенттің ғылыми жұмысы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының "Болашақ ғалымдары" атты студенттердің ең үздік ғылыми жұмыстарының республикалық байқауында жеңімпаз болып, 3 студент ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры стипендиясының иегері атанды.

Мемлекет басшысының алғашқы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік жаңғыруының жаңа кезеңінің басталғандығының айқын көрінісі. Жолдауда көрсетілгеніндей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін барлығымыздың азаматтық жауапкершілігімізді арттырып, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуіміз керек.

Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: