Жолдауда дамудың жаңа кезеңіндегі әлеуметтік саладағы басымдықтар айқындалған. Білім беру сапасын жақсарту мақсатында оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатын жүргізудің өте өзекті.
Жолдауда атап көрсетілгендей, елімізде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Оның дәлелі, орта мектепті аяқтаған түлектер техникалық және кәсіптік және жоғары оқу орындарына қабылданбай қалып, жұмыссыздар және маргиналдар қатарын көбейтуі бүгінгі күннің шындығы. Салдарынан олардың қылмыстық топтарға, экстремистік діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуі орын алуда.
Сондықтан да, Жолдауда айтылғандай орта білім берудің ұлттық стандарты оқушыларға кәсіби бағдар беру тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Жолдаудағы өзекті мәселенің бірі - мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайы. Президент тамыз конференциясында алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есе арттыруды тапсырған болатын. Келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 20 пайызға өсетіндігі бүкіл оқытушылар қауымы үшін үлкен қолдау деп санаймын. Өз кезегінде педагогтар болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуы үшін үлкен жауапкершілікпен қызмет атқаруы тиіс.
2020 жыл – Еріктілер жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы атап айтқандай, жастардың бойында белсенді өмірлік ұстаным дағдыларын қалыптастыру арқылы азаматтық қоғамды нығайту біздің жұмысымыздың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан еліміз үшін Жолдауда айқындалған міндеттерді сапалы орындауға әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс.
Президент атап көрсеткендей, осы мақсатта мемлекеттік органдардың жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуі талап етіледі. Тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін мекеме басшыларына дербес жауапкершілік жүктеліп, аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағалануы Жолдаудың сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болып табылатындығын дәлелдеп отыр. Халықты толғандыратын барлық мәселелердің шешілуін көздейтін жаңа Жолдау ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артады.
Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты