АҚШ қаржылық инвестициялық компаниясының басшысы Бурк Маккормак Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын бизнесті салық төлеуден үш жылға босату туралы шешімін бұрын-соңды еш жерде кездестірмегенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz Хабар-24 телеарнасына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Американың өзінде салық реформалары жүріп жатыр. Өткен аптада Балтиморда республикалық конгрессмендер алдында сөз алған Дональд Трамп орта тапқа салынатын салықты азайтуды жоспарлап отырғанын айтты. "Салықтың төмендеуі көп адамға жігер береді және ол өзгеріс келесі жылдан бастап өз күшіне енеді, - деді АҚШ Президенті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсақ және шағын бизнеске жататын компанияларды үш жыл бойына салық төлеуден босату туралы үкімі АҚШ-та жоғары бағаға ие болды. Танымал американдық қаржыгер, инвестициялық компанияның басшысы Бурк Маккормак бұл бұрын-соңды болмаған әрі өте маңызды шешім деп санайды.
Бурк Маккормак, АҚШ қаржылық инвестициялық компанияның басшысы:
- Шыны керек, мен бірдей үш жылға салықтан босататын шешімді кездестіріп көрмеппін. Әрине, салықтық жеңілдіктерінің әртүрлі амалы бар, әдетте ол шектеулі мерзімге арналады. Ал бұл арада бақандай үш жыл туралы сөз болып отыр. Бұл - өте жақсы құбылыс. Егер дамушы елдерге қарасақ, олардың барлығына ақша жинап, қор нарығына құруға біраз уақытты қажет етеді. Табысты бизнеске тапқан қаражатын жинақтауға мүмкіндік бергеннен артық не болуы мүмкін?
Қолында капиталы, қоры бар кәсіпкерлер мұндайда тиімді шарттармен несие тіркете алады. Яғни, кепілге қоятын нәрсесі болады қолында. Тура осылайша ішкі инвестициялар үшін де жағдайлар жасалады. Демек, шағын кәсіпкерлікті салық төлеуден үш жылға босату туралы шешім мұндай кәсіпорындарға шынымен көмек бола алады. Бүкіл әлем экономикалық өсімді ірі корпорациялар емес, шағын және орта бизнес жасайтынын мойындайды. "Көбісі таң қалатын шығар, тіпті АҚШ-та соншалықты трансұлттық компаниялар бар болса да экономикалық өсім локомативі олар емес, шағын және орта бизнес болып табылады", - дейді америкалық қаржыгер.
Бурк Маккормак, АҚШ қаржылық инвестициялық компанияның басшысы:
- Шағын және орта бизнес экономика үшін ең маңызды болып табылады. Бұл күндіз-түні жұмыс істейтін мыңдаған адамдар, иә жұмысшысы жағынан ірі компанияларға пара-пар келеді. Мұндай бизнес өз-өзін қамтамасыз етеді, билікке қол жаймайды. Міне, осындай бизнес кез келген мемлекет, экономика үшін әлдеқайда тиімді.