Алда ұстаздар күні таяп келеді. Осыған байланысты Павлодар облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Facebook-тегі парақшасында жазба жариялап, ата-аналардан мұғалімдерге сыйлық жасамауды сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Құрметті ата-аналар! Менің үлкен бір өтінішім бар. Біздегі кейбір мұғалімдер "Бізге сыйлықтың қажеті жоқ" деген челенджді бастаған. Расында бізге сыйлықтың қажеті жоқ, оған мұқтаж емеспіз. Әсіресе, ол сыйлықты басқа белсенді ата-аналар қысастап, жасатып жатса. Біздің мерекенің шырқын бұлай бұзбаңыздар..., - деп жазды Дінислам Болатханұлы.
Бұған дейін мұғалімдер күні қарсаңында Павлодар облысында "Бізге сыйлықтың қажеті жоқ" (# ustazdarsyylygalmaıdy) деген жарнама іспетті видеоролик тарай бастаған. Қалалық және аудандық мектептердің мұғалімдері кез-келген сипаттағы материалдық сый-сыяпатты қабыл алмайтындарын, олар үшін нағыз сыйлық оқушылардың жетістіктері мен жақсы көрсеткіштері екенін айтып, бейнеролик жазып, таратқан.
Сондай-ақ, Дінислам Болатханұлы қазір Екібастұздағы әріптесі, № 17 мектептің математика және информатика пәнінің мұғалімі Бауыржан Сырымбетовтің қорқынышты аурумен күресіп жатқандығын жазады. Оған ота жасау үшін шынымен де елдің көмегі керек екен.
"Ол қараңғы соқыр болып қалуы мүмкін. Көп уақытын ұстаздыққа арнап, 4 бала өсіріп отырған бір үйдің отағасы, міне бір жыл болды, өзіне жабысқан ауыр дертпен күресіп келеді. Өкінішке қарай, дерт тез дендеп, жас жігіттің өміріне балта шабылуда. Бауыржан Маратұлына бірнеше ота жасалды.
Бірақ көз жанары тез семіп барады. Кеше ғана бала оқытып, оқушыларының жетістігіне қуанып жүрген талантты ұстаз, аз уақыт ішінде І-топтағы мүгедек болып танылды, дерттен толықтай айығу үмітін үзді.
Жұбайы отандық дәрігерлердің күрделі болғандықтан кезекті отаны жасаудан бас тартқанын айтады. Мәскеудегі СПЕКТР офтальмологиялық клиникасының мамандары Бауыржан Маратұлына диагноз қойып, ота жасауға құлық танытыпты. Төрт баласын жалғыз асырап отырған ана ол отаның сомасына шамасы жетпейтінін айтады. Ота құны 580 000 рубль екен. Ота шұғыл қажет! Дәрігерлер, егер көз жанарындағы тор толықтай ыдырап кетсе, бәрі кеш болатынын айтады ... ", - деп жазды Дінислам Болатханұлы.