Түркістан облысының күзгі-қысқы маусымдағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 млн. 181,8 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда тасымалданғаны 514,4 мың тонна (43,5%). Жеткізу жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталады. Жалпы жылыту маусымында облыста көмір тапшылығы болмайды. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Игілік Тұрғымбеков мәлімдеді. Бұл туралы Zakon.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар, жалпы облыста жылу беру мерзімі – 1 қарашаға белгіленіп отыр. Алайда мамандар уақытынан бұрын ауа райы суып кетсе, жылыту маусымы ертерек басталатынын жеткізді.
- Өңірдегі 2748 бюджеттік мекеме жылыту маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 171,1 мың тонна көмір отыны және 5 млн. 143,7 мың. литр сұйық отын (диз.топливо) толық тасымалданды. Облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмірдің қажеттілігі 108,8 мың тонна болса, тасымалданғаны 43,2 мың тонна. Облыстағы тұрғындардың көмірге қажеттілігі - 902 мың тонна, тасымалданғаны 301,2 мың тонна (33,4%). Тасымалдау жалғасуда. Теміржол станциясы қоймаларындағы (ж.д. тупик) 1 тонна көмірдің сатылу бағасы - "Шұбаркөл" көмірі 14-17 мың теңге арасында. Тұрғындар көмірді қазірден бастап станция қоймаларынан арзан бағада сатып алғандары дұрыс, - деді Игілік Ғабитұлы.
Бұдан өзге, облыстың мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі - 9,6 мың тонна. Бүгінгі күнге тасымалдаушы мекемемен келісім-шарт жасалған. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап тасымалданбақ.
Айта кетерлігі, өңірдің жылыту маусымына дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.