Елорда басшылығы көп балалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз етуді жылдамдатуға уәде етті. Келесі жылы Нұр-Сұлтанда жеңілдікпен берілетін үйлердің құрылысын үш есе арттырмақ, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Кезекте тұрғандардың тізімі елдің басты қаласында 47 мың адамнан асып кетті. Оның ішінде көп балалы отбасылар шамамен төрт мыңдай. Жеті жыл бұрын Жұлдыз Айметова төрт баласымен Шымкенттен келген. Себебі, аутизммен ауыратын бес жасар баласына дәрігерлерді астанадан тапты. Осы уақыт ішінде басқа да қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді. Ұзақ уақыт жұмыс іздеп жүріп жұмыспен қамту орталығына келіп, шаштараздың тегін курсын оқып алды. Өзі секілді оқып шыққан келіншектермен бірге жақында бір ғимаратты жалдап салон ашқан. Ал басты мәселесі әзірге сол күйі шешілген жоқ. Баспанаға 2400-ші болып кезекте тұр", - дейді телеарна тілшісі.
Жұлдыз Айметова:
- Үкіметтен қандай пайда десең, міне. Күнін көрем деген адамға қолдау көрсетіп отыр ғой. Дұрыс па?! Ертелі-кеш кезегім келеді, кезекте де тұрмын. Беріледі деген соң, беріледі. Көп балалы аналарға қазір қолдау көрсетіп жатқаннан кейін, беріледі. Сонша күттім, тағы да күтем. Көшеге шығуға, отырып алып не істесем екен деп шу шығарсам деген ой жоқ. Ертеңге жоспарым бар.
Алайда бәрі бірдей төзімге шыдай бермейді. Он күн бұрын көп балалы әйелдер бірден бірнеше қалада митингіге шықты. Ботагөз Шынықұлова – белсенді наразылық танытып жүргендердің бірі. Өз басында баспанасы да, бизнесі де бар екенін мойндайды. Ал көшеге шынымен де мұқтаждарға қолдау көрсету үшін шығып жүр. Дегенмен кейде кімге шынайы көмек қажет екенін өзі де түсінбей қалады.
Ботагөз Шынықұлова:
- Өзгелердің мүддесін қорғап, өз жағдайын түзеп алғысы келетіндер бар. Яғни, тегін баспана алып алғысы келеді. Басқа не айтарымды білмеймін. Алайда шынымен де мұқтаж әйелдер бар. Баспана кезегін күтіп жүргендер. Егер үй берсе, онда кезекпен берсін.
Тіпті шыдамай жүргендерге әкімдік үміт береді. Келер жылы жеңілдікті пәтерлер санын үш есеге арттырып, 1600-ден 5 мыңға дейін жеткізбек. Бір ай бұрын кезекте тұрған 300-дей адам пәтер кілтін алды. Қазір елордада жалпы пәтер кезегінде 47 мың адам тұр. Оның - 3830-ы көп балалы.
Елнұр Бейсенбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі:
- Келесі жылы президенттің тікелей қолдауымен Үкіметте қаражат қарастырылған, НұрСұлтан қаласы әкімдігі осы мәселені үш есеге көбейтуді жоспарлап отыр. Келесі жылы үш есеге көп кілттер табысталатын болады. Бұл - үлкен алдыға жасалған қадамдардың бірі. Осындай азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында 44 мыңнан астам азамат осындай көмекті алуда. Қазірдің өзінде бізде жұмысқа тұру орталығында 8 жарым мың вакансия бар. Кез келген адам келіп, өзінің жұмысын таба алады.
Тұрғын үй мәселесін елорда басшылығы басқаша жолмен шешкісі келді. Тамыз айында 138 отбасы көшіру бағдарламасымен Екібастұзға қоныс аударды. Ол жақта оларға жаңа пәтерлер, балабақшалар мен мектептерден орын және жұмыс тауып берді. Азғантай болса да тұрақты табысы бар отбасыларға екі пайыздық ипотеканы қарап көруді ұсынады. Жалпы алғанда үкімет көпбалалы отбасыларын үш жылдың ішінде пәтермен толық қамтуды уәде етіп отыр.