Атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа бағыты айқындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде арнайы брифинг өткізген Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру үшін заң жобасы әзірленіп, оның шеңберінде АӘК көрсетудің жаңа бағыты айқындалған болатын. Осы орайда, заңнамалық түрде аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет анықталып, көп балалы отбасылар бұрынғыдай мемлекет қолдауына ие болады.
Басты мақсат - нақты көмекке мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан жәрдем көрсету. Бұл ретте мемлекет бірінші кезекте балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеспек. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуге ниетті болса, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға ниетті тұрғындарға арналған шаралар кешені 3 бағытты қамтиды:
біріншісі – көп балалы аналарды жеке санатқа шығару және оларға кепілді жәрдемақы беру, бұл ретте көп балалы отбасы-аз қамтылған отбасы деген стереотип алынып тасталады. Бұдан басқа, бұл көп балалы аналардың материалдық жағдайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, олардың беделін мойындайтын болады, елдегі бала туу деңгейін арттырады;
екінші – аз қамтылған азаматтарды қолдау және оларды жұмысқа орналастыруға ынталандыру;
үшіншісі - барлық АӘК алушылардың балаларына заттай қолдауды қамтитын кепілді пакет ұсынылатын болады.
Атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл аз қамтылған, табысы төмен отбасыларға арналған көмек. Атаулы әлеуметтік көмек – ақшалай, әлеуметтік бейімдеу, жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқада түрлері арқылы отбасының табысын арттыруға бағытталған көмек.
2018 жылы АӘК жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді.
2019 жылы – кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-на дейін көтерілді. Осыған орай, АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы. АӘК 20 789 теңге соммасы мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде тағайындалады, бірақ балалар кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасын емес, оның толық сомасын = ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын (20 789 теңге) алады.
Сондықтан, осы тектес көмек көрсету жыл соңына дейін жалғастырылатын болады.
Атап өтейік, Түркістан облысында ағымдағы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек 99,7 мың отбасыға, нақты 577,8 мың адамға тағайындалған. Оның ішінде 352,4 мыңы – балалар, 65,7 мың отбасы – көп балалылар.
Өкінішке орай, АӘК-ті заңсыз тағайындауға алып келген 18 мыңнан астам отбасы өзінің нақты табысын жасырғандығы анықталған. Нәтижесінде облыста жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 3 млрд.теңгеге жуық қаржы үнемделіп, артық төленген 650 млн.теңгенің 38,8 млн.теңгесі қайтарылып отыр.