Ақтауда Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанаты өтті

Мерекелік шараның бастауында айтыскер ақын Мэлс Қосымбай Ә.Кекілбаевқа арналған "Арнаумен" жыр дариясын селдетті.

10 қазанда Ақтауда Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанаты болып өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және еліміздің әр түпкірінен келген ел ағалары, Әбіш ағаның замандастары, үзеңгі-әріптестері, қабырғалы қаламгерлер мен өнер тарландары, ғалымдар, жұртшылық өкілдері қатысты.

Мерекелік шараның бастауында айтыскер ақын Мэлс Қосымбай Ә.Кекілбаевқа арналған "Арнаумен" жыр дариясын селдетті.

Шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстау жұртшылығын аталған мерейтоймен құттықтауын жеткізді.

-Ең бастысы "Басымызға қонған бақыт құсы – тәуелсіздігімізден айрылып қалмауымыз керек" деп менің бағытымды қолдап, халықты сабырлы да, саналы болуға шақырғаны барша қазақстандықтардың есінде. Жоғары кеңестің төрағасы, мемлекеттік хатшы сияқты биік лауазымды қызметтерді атқарған ол өзіне артылған зор сенімді абыроймен ақтай білді. Парламент сенатының депутаты болған тұста да қоғам тынысын тап басып, тұтас елдің ойындағы сөзін сөйледі. Асыл азаматтың мерейтойын бүгінде туған елі лайықты атап өтуде. Алматы қаласындағы бір көшеге Әбіш Кекілбаевтың аты берілді. Киелі Маңғыыстауда еңселі ескерткіш бой көтеріп, мәдени орталықтың тұсауы кесіліп отыр. Данышпан Абайдың "Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол" деген сөзі бар. Ел жұртына сіңірген елеулі еңбегі мен тарих төрінен орын алған Әбіш Кекілбаевтың ғибратты ғұмыры халқымыздың жадында әрдайым сақталады деп сенемін. Мерейтой құтты болсын, ағайын!" – делінген құттықтау хатта.

Салтанатты кештің ашылуында аймақ басшысы Тұрымов Серікбай Өтелгенұлы мерекеге орай алыстан келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіре отырып, Әбіштей заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің бүкіл Қазақ елі үшін, халқымыздың өткені мен бүгінін саралап,жарқын келешегіне бастайтын маңызы зор, ауқымды, іргелі іс болып табылатынына тоқталды. Халық жазушысының мол әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттыру қажеттілігін тілге тиек етті.

-"Әбіш Кекілбайұлы көрнекті мемлекет қайраткері ретінде егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне бар күш-қажырын сарп етті. Қазақстан Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, сенатор қызметін лайықты атқарды. Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы табанды күресіне тарих куә. ҚР Тұңғыш Президенті жанында ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сындарлы саяси қызметте сенімді серігі, күрмеулі кезеңде данагой кеңесшісі бола білді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда аянып қалмады. Тәуелсіздікті алған тұста кесек ой, астарлы пікір білдіріп, тың түйін жасауға ұмтылды. Қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелер жөнінде кең толғап, адал сөйледі. Әбіш ағаның елдікті нығайту жолындағы еңселі еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Біздің көздегеніміз – Әбіш Кекілбайұлының бай әдеби мұрасын ізгі ұрпақ өкілдеріне насихаттау, ой-санасына сіңіру. Ұлт мәртебесіне айналған Ұлы суреткердің бір өзі бір дәуірге тұрарлық мазмұны терең туындыларын атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – азаматтық парызымыз",- деді Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов.

Мәдени кешенде Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай және кітапхана, фото көрмелері ұйымдастырылды.

Көрнекті қаламгер, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері, философ Әбіш Кекілбаевтың алар орны ерекше. Оның еңбектерінің барлығы дерлік ел мен жер, Отан тағдырына арналған. Әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тереңінен қарай отырып, ел болашағы мен көпұлтты мемлекетіміздің әл-ауқаты оның жадынан тыс қалған емес. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы болған. (1996-2002). Ал, 2002 жылдан бастап ҚР Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалды. II және III шақырылымындағы Қазақстан Республиасы Парламент Сенатының депутаты.

I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.XIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы

Ә.Кекілбаевты тек қазақ елі ғана емес, сонымен қоса орыс, неміс, түрік және т.б. елдерде сүйікті жазушы, көрнекті қаламгер әрі бірден-бір саясаткер деп таныды. Әбіш Кекілбайұлының мемлекеттік және қоғамдық саяси белсенділігінің ролі ерекше бағаланды.

Қазақстанның дамуы үшін аянбай тер төккен Әбіш Кекілбаев еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси, экологиялық, ұлтаралық, дипломатиялық, халықаралық т.б. мәселелерінде белсенділік танытты.

Қазақстанның даму жолын саралап, халық тағдырына жанашырлықпен қарап, азаттық жолында ұлттық мүдде мен ұлттық сананың өрбуіне өз үлесін қосқан бірден-бір азамат.

Жиында жазушы Төлен Әбдікұлы және ақынЕсенғали Раушановтар кеш қонақтарына құттықтау сөз арнады.

Мерекелік кеш Айгүл Үлкенбаева, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері,Айгүл Қосановалардың орындауындағы "Маңғыстау" поэтикалық қойылымының сахналануымен жалғасты.

Кеш қонақтарының алдында Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры актерлері, Гүлсина Мирғалиеваның театр мектебі, Халықтық ұжым "Жорға" би ансамблі Ә.Кекілбайұлы шығармалары мен сұхбаттарының негізінде театрландырылған "Аманат арқалаған Абыз" атты прологты сахналады.

Салтанатты жиынның соңы халықтық ұжым "Жорға" би ансамблінің орындауындағы "Әбіш Әлемі" қойылымына ұласты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: