Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында астық жинау науқаны қорытындыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет алдында еліміздегі астық жинау науқаны бойынша есеп берді. Қазіргі таңда жалпы 15,2 млн гектар дәнді-дақыл алқабының 15,1 млн гектары жиналды, бұл - 99,2 процент көрсеткіш. Орташа өнім алу 1 гектарына 12,6 центнерден болғанда, жалпы көлемі 19,1 млн тонна астық бастырылды.
"Биыл ауа-райының жайсыз болуына байланысты біз өткен жылмен салыстырғанда бункерлік салмағында 2 млн тоннаға кем астық жинадық. Ауыл шаруашылығы министрлігіне нанға бағаны тұрақтандыру үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын", — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстандағы ауа-райының ерекшеліктерін ескере отырып, жиналған астықты сақтап қалу үшін барлық шараны қолға алу, нан қабылдау кәсіпорындары астықты сақтауды, сондай-ақ ылғал астықты өңдеу мен кептіруді уақытылы қабылдауды қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.
Премьер-министр ауыл шаруашылығы құрылымдарының келесі жылға жиын-терім тұқымдарына қажеттілігін және олардың сапасын тексеруді қамтамасыз етуді, жаңа жиын-терім астығын экспорттау бойынша дайындық жұмыстары аясында логистика мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғарғы ылғалдылығын ескерумен биылғы қазан-қараша айларында астық пен тұқымды кептіруді жүргізу үшін облыстарға дизельді отынның қосымша көлемін бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.