Алғашқылардың бірі болып облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының үш тоқсандағы атқарған жұмыстары баяндалды. Аудан әкімінің тиісті орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысқан есепті жиында саладағы оң өзгерістермен қатар өзекті мәселелер, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
Аталған басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде өңірде бұрын-сонды есепке енбеген 714 көше анықталғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, көшелерді жөндеу бойынша 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілген. Жол картасына барлығы 178 жоба енсе, ағымдағы жылы 114 жоба яғни 600 шақырымнан аса жол жөндеуден өтуі жоспарланған.
Бүгінде бұл жұмыстар қызу жүргізіліп, оның басым бөлігі аяқталуға таяу. Дегенмен, Тараз қаласы, Меркі, Талас аудандарындағы жоспарлы жұмыстардың орындалуы сын көтермейді.
Сондай-ақ, жиында облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің саны мен қарқындылығының артқандығы айтылып, соның салдарынан жергілікті маңызы бар автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуының жиі орын алып жатқандығы көтерілді. Бұл бағытта облыс бойынша Көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес арнайы салмақ өлшегіш көлікпен облыс жолдарында тексерістер ұйымдастырылып, айыппұлдар салу арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілуде екен. Айталық, жылжымалы көліктік бақылау посттарында заң бұзушылықтар бойынша өткен жылдың есепті мерзімінде 1282 әкімшілік хаттама толтырылса, ағымдағы жылдың тоғыз айында ол көрсеткіш 867-ге түскен.
Асқар Исабекұлы облыс бойынша ауыр жүк көліктерінің санын анықтап, ондай көліктері бар мекемелермен келісімшарт жасасудың маңыздылығын айтып, тұрақты бақылау шаараларын күшейтуді тапсырды.
Басқосуда аймақ басшысының тапсырмасына орай облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру, заңсыз жолаушылар тасымалын реттеу, бейне бақылау камераларын орнату, қала ішіндегі жол белгілерін қалыпқа келтіру, аялдамаларды біріздендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы да назарға алынды.
Өңір басшысы облыстың сексен жылдық мерейтойын атап өту мерзімі таяп қалғанын ескертіп, орталық көшелердегі аялдамаларды бірегей типке келтірудің өзектілігіне көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.