Оралда "Қазақтану" жобасы аясында республикалық дәріс өтіп жатыр

Басты мақсат – қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту.

Оралда "Қазақтану" мәдени-ағартушылық жобасы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық дәріс өтіп жатыр, деп хабарлайды "Хабар 24".

Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-сессиясында жасалған бастамаға сәйкес, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпыұлттық тарихи сананы нығайту және ұлтты біріктіруші құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Басты мақсат – қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Шара барысында жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

"Ұлттық нақыштағы киімдер мен әсем бұйымдарға сұраныс артып келеді. Бұл бізге әлемдік деңгейдегі сапалы дүниелер жасауға жол ашады", - дейді шеберлер.

Гүлшат Молдағалиева, қолөнер шебері:

- Осыдан 1-2 жыл бұрын сұранысы мүлде басқаша деңгейде болатын. Қошқармүйіз оюларын қолданып жеңіл-желпі оюлармен жасайтынбыз. Ал қазіргі халықтың сұранысы жоғарылап келе жатыр. Сол себепті біз оюдың да одан да тереңдетілген қиын кестеленген түрлерін салып, шиқұрақпен бірге ұштастырылған көрпелерді жасап жатырмыз.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Шынында да осындай үлкен рухани байлықты, мол мұрағатымызды біз әлі де өз деңгейінде таныта алмай келе жатырмыз. Қазақстанды мекендеп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар бізді, тілімізді, ұлттық байлығымызды, әдет-ғұрыптарымызды, әдебиетімізді білген жағдайда бұл ұлттар арасындағы туыстықты, бірлікті, жақындықты одан сайын дамыта түседі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: