Еліміздегі букмекерлік кеңселер казиноға теңестіріледі. Мұндай бастаманы Үкімет көтеріп отыр. Жыл соңына дейін "Ойын бизнесі" туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алайда букмекерлердің Үкіметке базынасы бар. Бәс тігумен айналысатындардың пікірінше, аталмыш бастама оларды қыруар шығынға батырады. Былтыр еліміздегі букмекерлік кеңселер қазынаға 16 миллиард теңге салық төлеген. Қазір "Ойын бизнесі" туралы заң Мәжіліс қабырғасында талқылануда.
Бәс тігетін кеңселердің қожайындары жобадағы 7 өзгерістің біреуін мүлдем қолдамайды. Басты уәжі – олардың табысы казиномен салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі, адамдар спорт жарыстарында ғана қалтасынан ақша шығарып бәс тігеді. Букмекерлік кеңселерді казино тәрізді Бурабай, не Қапшағай секілді оқшау аумаққа көшірсе, біраз адам жұмыссыз қалуы мүмкін. "Биылдан бастап букмекерлерге салынатын қосалқы салық қалтамызға ауыр. Ойын бизнесін реттеуге мемлекет көмектессе", - дейді.
Арай Сағынтай, букмекерлік кеңсенің салық жөніндегі менеджері:
- 2019 жылдан бастап салынған құн салығы басқа мемлекеттерде қарастырылмаған практика. Себебі, ОЭСР мемлекеттерінде қасымыздағы Беларусь, Ресей мемлекеттерінде қосылған құн салығы ойын бизнестеріне қарастырылмаған.