ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мәжілісте Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасын таныстыру кезінде ескі құжатта қарастырылмаған жаңа тұстарды айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мысалы, қолданыстағы кодексте суицидтік мінез-құлықтың алдын-алу, сондай-ақ құмар ойынға тәуелділіктен туындаған денсаулықты сақтау сынды нормалар қарастырылмаған.
Министр кодекске ата-аналар мен мұғалімдерді мектеп оқушыларының денсаулығын қорғауда ағартушылық-насихат жұмыстарына тартуда, жасөспірімдер мен жастарға құпия ақпараттық көмек көрсету бойынша нормалар да енгізілгенін айтты.
Министрлік бүгінгі таңда ата-аналар мен мұғалімдер салауатты өмір салты, репродуктивті денсаулықты сақтау қажеттілігі туралы ағартушылық жұмыстарға жеткілікті түрде қатыспайды деп санайды.
- Сонымен қатар аурудың алдын алуға бағытталған жаңа ережелер қарастырылуда. Атап айтқанда, бұл - азаматтардың денсаулығына қарауды міндеттеу, оның ішінде скринингтен өту және міндетті түрде профилактикалық егулерден өту, халықтың денсаулығына қоршаған ортаның әсерін реттеу және вакцинацияланбаған балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға кіруін шектеу туралы, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Оның айтуынша, енді қоғамдық денсаулықты сақтау, инфекциялық емес және жұқпалы аурулардың алдын-алу бойынша азаматтардың, жұмыс берушілер мен мемлекеттің жауапкершілігі тұтас қарастырылатын болады. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі, Білім министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастық туралы айылады.
- Скринингтен өту үшін жұмысшысына жұмыс берушісі әлеуметтік демалыс міндетті түрде қарастыруы керек. Бүгіндері көп адам "жұмыстан босатпады" деген себеппен скринингтік тексеруден өтпеуі жаппай сипатқа ұласқан, - деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, бұл норманы бұзғаны үшін жұмыс берушілер де жауап береді.
- Яғни, егер тексерулер өтпесе, жұмыс беруші қызметкерлерін жұмыстан босатуы керек. Бірақ ол күнгі жұмыс ақысы қысқармауы тиіс. Бұл ақылы әлеуметтік демалыс күні, - деді министр.