Мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдаудауының орындалуын насихаттауға келген топ тарихи Отырар ауданын аралап көрді. Топ мүшелері Шәуілдір ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанды жаңартуға республикалық бюджеттен 262,9 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда мәдениет үйіне су құбырлары мен кәріз жүйелері тартылып, іші мен сыртын әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 46 адам жұмылдырылып, нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өнер ордасын аралап көрген Бердібек Сапарбаев облыс және аудан басшыларына жөндеу жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізіп, кіре берісін заманауи үлгіде жасау керетігін ескертті. Бастысы сапасына көңіл бөліп, білікті сәулетшілерді тарту қажеттігін айтып өтті.
- Мердігердің жұмысы сапалы болуы керек, оны бақылап отыру қажет. Өйткені бұл жерде халықаралық деңгейдегі конференция өтеді. Шетелден қонақтар келеді. Ең негізгісі сыртқы келбеті, адамдар сыртынан көреді. Соны заманауи үлгіге сәйкестендіріп жасауы керек. Жақсы дизайнмен жасалса, европалық стандартта емес. Келбеті қазақи нақышта, ұлттық исі шығып тұрғаны жөн, – деді Бердібек Сапарбаев.
Мұнан кейін Үкімет басшының орынбасары аудан орталығындағы алаң мен Әл-Фараби ескерткішінің бүгінгі жағдайымен танысты. Отырар мұражайын аралап көріп, онда да бірқатар жөндеу жұмыстарын жасау қажеттігін атап өтті. Келесі жылдың қыркүйек айында кең көлемде аталып өтетін Әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау кезінде келетін қонақтар мен туристер сол нысандарды аралап, тарихымызбен танысатын болады. Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы жаңадан салынған көне Отырар қалашығы жанындағы сапар орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, ғалымдар бас қосқан алқалы жиынға қатысты. Басқосуда Бердібек Сапарбаев Әл-Фарабидің мерейтойы алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтап, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Отырар өңіріндегі тарихи нысандардың қазіргі жағдайы мен сәулетіне қандай өзгерістер енгізу керек, қосымша тағы қандай нысандар жөнделгені дұрыс деген мәселені талқылады. Бұл ретте басқосуға келген ғалымдар Отырар кітапханасын ашса, Оқсыз деген тарихи орынды ретке келтірсе деген тілектерін жеткізді.
"Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғылым, сауда саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз өзіміздің мәдениетіміздің жоғары болғанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырардағы музейді қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеуіміз керек. Келген қонақтар, шетелдіктер 8-9 ғасырда қазақтар қалай өмір сүрді, немен айналысты деген дүниелермен танысуы керек. Оларды қандай дүниелермен таңғалдыра аламыз, соны ойлану керек. Әлемде Әл-Фараби танумен айналысатын 11 орталық ашылған. Сыртқы істер министрлігімен, әр елшілікке тапсырма беру керек. Сол орталықтарда табылған ғұламаның еңбектерін осында алдыру қажет. Әл-Фараби танушыларды шақырып, ақылдасу керек. Әл-Фарабидің әндері мен шығармаларын жарыққа шығаруымыз керек", – деді Бердібек Сапарбаев.
Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы бастаған Үкімет мүшелері Түркістан қаласындағы № 15 Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебіне барып, мұғалімдермен кездесті. Кездесуде ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы және басқа да өзекті мәселелер жайлы талқыланды.
Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығында жастармен тілдесіп, Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмектің берілуі мен алдағы уақытта өзгерістері жайлы сөз етті.