Президенттік сайлауалды науқанға қатысқан айтыскер ақын Ринат Зайытов Қосановты неге жамандамайтынын, Әблязовқа неге сенбейтінін, сондай-ақ партия қашан құратынын ашып айтты, деп хабарлайды Zakon.kz. Ол бұл туралы "Қажет" бағдарламасына берген сұқбатында айтты.
- Сайлау менің жалғыз екенімді өз-өзіме дәлелдеп берді. Жалғыздық деген белгілі бір нәрсені бастауға ақыл-кеңес беретін, қолдап-қостайтын адамның жоқтығы. Өткендегі оқиғада мен сеніп жүрген біраз адамдар көңілімді қалдырды, керісінше, осымен ортақ ештеңем жоқ-ау деген адамдармен еріксіз жақындастырды, - дейді ол.
Сондай-ақ ол бүгін-ертең партия құрғалы жатпағанын да айтты. Өйткені, оның пікірінше, дәл қазір қандай да бір саяси белсенділіктен халыққа пайда жоқ.
Қазіргі митингтерден пайда жоқ
...Менің пайымымша, көтеріліс болса, қыран-топан, тонау, ырду-дырду басталады. Соны пайдаланып, пәленбай миллиардтар жоғалып кетуі мүмкін. Халық тағы түксіз қалады.
- Партия құрамын дедім, бірақ оған саяси тәжірибем де білімім де жеткіліксіз деп айтқанмын сол кезде. Тракторшы деп айтпай-ақ қояйын, ауданның ортаңқол мұғалімі деңгейіндей сауатым бар. Кем дегенде оны жетілдіруге бір жыл уақыт керек. Дәл қазір асығыс партия құрып, іске кірісіп кету нәтиже бермейді. Өйткені қарсылық, арандату болады, онымен күресуге менің сауатым жетпейді. Менің көш бастауыма уақыт керек, - дейді ол.
Сондай-ақ өз сұқбатында Ринат Зайытов қол бастай алмайтынын ашық мойындады.
- Мен Президенттікке ұмтылатын адам емеспін. Егер мен Президент болсам, Назарбаевпен жылап көрісесіңдер. Халық маған ренжімесін, өйткені мен ешқашан көш бастаймын деген жоқпын. Менде ондай амбиция жоқ. Маған барлық қазақ секілді тыныш жүрген ұнайды. Еркіндікті жақсы көремін, өз ойымды, халықтың ойын жеткізіп. Одан басқа рөлге мен дайын емеспін.
Менің қателігім - соқыр сенімім
- Қосановтың сайлаудан өтетініне халық та, мен де сенімді болдық. Бірақ жағдай басқаша болып шықты. Енді үйде қарап отыруыма болмайды ғой. Менің де ол арада қатысым болды. Бір қызығы, Ақберен Елгезек екеуміз бәстесіп қойғанбыз. Мен Қосанов жеңеді деймін ғой баяғы. Көлікке бәстестік. Ең ақыры, жеңілдік. Солай сәйкес болып қалды, ол күні әйелімнің туған күні еді. Ақберен "көлікті сенен ұтып алып, әйеліңе сыйлай салайын, енді бұлай істеме" деп достық ақылын айтты. Менің кінәм - көзсіз сенімге арқа сүйемей, қырағылық танытуым керек еді. Ал былай, сол сайлауалды науқанға қатысқанға еш өкінбеймін. Өйткені халықтың қалауы үшін жұмыс істедік сол кезде. Бірақ біздің билікті оңайшылықпен өзгерту мүмкін емес, соған көзім жетті.
Қосанов пен Әблязов туралы
Ал Әблязовқа сенбеймін. Бірақ қазіргі биліктің әрекеті халықты соған сенуге итермелеп жатыр. Мен де халықтың бірімін. "Түйесі жоқ ауылға тайлақ атан көрінеді", - дейді қазақ. Әбілязов тура сондай. Қосановты Әбілазов үшін жамандамаймын. Ол: "Қосанов жеңіледі, Зайытов көшеге шығып партия құрам дейді, содан соң Қосановты жамандайды", - деді. Сол үшін жамандамай қойдым. Ол бәрін біліп отыр, бекер емес қой оның бәрі. Сол шығып айтса, ел көшеге шығады екен. Әблязов деген 10 шақты қатын бар, оларға түк болмайды. Бірақ шын көшеге шыққандар жабылады. Содан бұл билікке шын қарсы адамдарды анықтау үшін істелетін тәсіл ме екен деп ойлаймын.