ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында Президент Режеп Ердоғанмен және Вице-Президент Фуат Октаймен келіссөздер жүргізді. Одан бөлек Қазақстан–Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына, екіжақты бизнес-форумның ашылуына және түрік бизнесінің капитандарымен кездесуге қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды түрде дамып жатыр, екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарудың негізі салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады, — деді Асқар Мамин Анкара қаласында Режеп Ердоғанмен кездесуде.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4200-ден астам компания тіркелген, олар энергетика, көлік, агроөнеркәсіп, машина жасау секторларында, инфрақұрылымдық құрылыста және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 68%-ға артық. Осы жылдың соңына қарай екіжақты сауда-саттық көлемі 3 млрд доллардан асады деп күлітуде. Қазіргі кезде түрік тарапымен бірлесіп пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы $6 млрд-тан асады.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Асқар Мамин ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың монументіне барып, Ататүрік кесенесіне гүл шоғын қойды және Р.ежеп Ердоғанмен бірге Түркияда өткізіліп жатқан "Болашаққа тыныс бер" экологиялық науқаны аясында ағаштар отырғызды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы ТР Сауда-өнеркәсіп палатасының жұмысымен танысты, оның ішінде Түркияның мемлекеттік органдарын цифрландыру жұмыстары да бар.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октаймен Стамбулда Қазақстан–Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына қатысты.
Шара қорытындысы бойынша сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, туризм тәрізді және т.б. салаларда 65 пункттен тұратын Бірлескен іс-қимылдар жоспары қабылданды. Бұдан өзге, халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы үкіметаралық келісімге, 2019-2021 жылдарға арналған "Жаңа синергия" бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимылдар хаттамасына, сондай-ақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ТР Сауда министрлігі арасындағы "халал" санатындағы өнімдер бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Мамин мен Октай 500-ге жуық түрік және 100 қазақстандық іскерлік орталардың өкілдерінің қатысуымен Қазақстан–Түркия бизнес-форумын ашты. Форум аясында инфрақұрылым, индустрия, көлік-логистика салаларында, денсаулық сақтауда, қаржы нарығын дамытуда, мемлекеттік-жекешелік әріптестікте тәжірибемен алмасу және т.б. салаларда бірлескен жобаларды іске асыруды қарастыратын, жалпы 1,5 млрд доллардың 18 құжатына қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстанда қатпаркартон қаптама, лак-бояу өнімдері өндірістерін, "Ақтөбе–Гебзе" индустриялық аймағын ашу, Түркістан қаласын инфрақұрылымдық дамыту, сондай-ақ, Алматы мен Қарағандыда университеттік клиникалар салу, Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Таразда көпбейінді ауруханалар салу, Шымкент пен Ақтөбеде диагностикалық орталықтар салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстан Премьер-Министрі Түркияның 41 ірі компаниясының басшыларымен – ҚР экономикасының қазіргі және әлеуетті инвесторларымен кездесті. Асқар Мамин түрік бизнесінің капитандарымен екіжақты келіссөздер, сонымен қатар, "дөңгелек үстел" форматында ортақ кездесу өткізді. Үкімет басшысы түрік бизнесмендерін Түркістан қаласының түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жаңғыруы мен дамуына үлес қосуға шақырды.
Түркияға сапары аясында Мамин Қайсері қаласына барып, онда 2018 жылдан бастап қызмет көрсететін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі бойынша жүзеге асырылған Түркияның денсаулық сақтау саласындағы алғашқы жобасына айналған қалалық аурухана қызметімен танысты.