Катонқарағай ауданында туризмді дамыту мақсатында бірнеше қонақүй салынады. Бұдан бөлек "Алтай" курорты ашылады. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев мәлім етті.
Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасының жанындағы демалыс базасы қолданысқа беріледі. Онда 12 орындық 3 коттедж, 50 орындық асхана, 100 орындық мейрамхана, 45 орындық 5 күрке, 10 орындық монша салынды. Сондай-ақ 2 су мотоцикл, 1 яхта және 12 орындық құтқару қайығы сатып алынды. Осы мақсатта 800 млн. теңге жұмсалды. Брифингке қатысқан аудан әкімі осылай деді.
- Топқайың ауылында 60 орындық емдеу-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар. Оған 120 млн теңге қарастырылған. Аталмыш нысан 2020 жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі, - деді Ренат Құрмамбаев.
Катонқарағай ауданында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Катонқарағай ауылының №2 ауданаралық ауруханасында "Алтай" курортын ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек "Согорное-Ақсу" бағыты мен Язевое көліне кіреберістегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.