Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай тұрғын үй саясаты аясында біріктіріп, 2025 жылға дейінгі “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Оның басты мақсаты – қолжетімділікті қамтамасыз ету", — деді Асқар Мамин.
Бағдарламада алғаш рет көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға арнап жалдамалы тұрғын үй салу, табысы төмен отбасыларға жеңілдікті ипотека, жеке құрылыс салушыларға субсидия беру сияқты жаңа механизмдер іске асырылды.
Премьер-министр жаңа "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы әрбір қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін өзінің табыс деңгейіне қарай шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстары - тұрғын үй құрылысы бойынша көшбасшы өңірлер. Сол секілді тұрғын үй құрылысы бәсеңсіген өңірлер де бар. Олар - Павлодар, Атырау, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Индустрия министрлігі мен Бәйтерек холдингіне, өңір әкімдеріне биылғы жылғы көрсеткішті игеру үшін барын салуды тапсырамын. Біз осы жылдың соңына дейін 13 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануіміз керек", - деді Үкімет басшысы.
Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан 2017 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы саласына 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынды, оның 85% — жеке инвесторлардың қаражаты. 300 мыңға жуық отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген 33,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.
"Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жылу және сумен жабдықтау, су тарту, коммуналдық секторды жаңғырту, 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту және 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламаларының аясында үйлерді жөндеу мәселелерін біріктіреді.
Жобада тұрғын үй проблемасын шешумен қатар, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй қорын жөндеу де көзделген.