Түркістан: "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасын насихаттауға арналған облыстық форум өтті

Басты мақсат - мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар аясында жастарды еңбекке ынталандыру және оларды жұмысқа баулу.

Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту мақсатында іске асырылатын "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының облыстық форумы өтті. Бұл туралы Zakon.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Басты мақсат - мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар аясында жастарды еңбекке ынталандыру және оларды жұмысқа баулу.

Атап өтейік, "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ауылдық жерлерде жүзеге асырылып, аталған бағдарлама бойынша жұмыс істейтін мамандарға қолдау көрсетіліп келе жатқанынына биыл он жыл толып отыр.

Форумның құрметті қонақтары ретінде Түркістан облыстық маслихатының депутаты - Чалданов Зуппархан Субатұлы, Түркістан облыстық маслихатының депутаты, Қазақстан инженерлі-педагогикалық "Халықтар достығы университетінің ректоры - Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары – Төлегенов Талғат Байжанұлы қатысты.

Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 507 970 жас бар. Олардың 108 336-сы қала жастары болса, 399 634-і ауылдың бүгінгі буындары. Облыста 2 жоғары оқу орны және 51 кәсіптік колледж бар. Аталған оқу ордаларында 42 551 студент білім алуда. Ал, "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылға келген мамандар саны 1431-ді құрап отыр. Аталған жас мамандар бүгінде білім беру саласы, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыс, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс жасап келеді.

Форумда "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының әлеуметтік қолдау шараларының қағидалары мен ережелері туралы жастарға кеңінен түсініктеме беріліп, облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Дәурен Сариев өз сөзінде еліміздің болашағы жастардың қолында екенін, сол үшін барлық істің басын ауылдан бастау керектігін тілге тиек етті.

- Бүгінгі форум ерекше өтуде. Біздің нағыз ұлтжанды, патриот жастарымыз өздерінің еліне деген сүйіспеншілігі мен дамыту жолындағы жетістіктерін ортаға салды. Алдағы атқарар қыруар тірліктері туралы ұсыныстарын білдірді. Міне, олар Қазақстанның одан әрі өркендеп дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдіруде, - деп ерекше атап өтті.

Жастарға берері мол шарада жас мамандар мен президиум мүшелері арасында еркін байланыс орнап, түрлі сала бойынша сұрақтарға жауап берілді. Форумға жиналған жастар елдің болашағы мен кемел келешегі үшін жасаған еңбектерін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шара соңында белсенді жастарға алғыс хаттар табысталды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: