Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осыған дейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін күдікті болған Шымкент қаласының Абай және Еңбекші ауданы әкімдіктерінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімдерінің басшылары Ш.Нақыпбеков пен А.Аширбековке қатысты қылмыстық істі аяқтаған болатын, деп хабарлайды zakon.kz.
Шенеуніктер алдын ала келісім бойынша ұлттық сусынды көшеде сатуға рұқсат ету құжаттарын беру желеуімен жеке кәсіпкердің 150 мың теңге сомасындағы қаражатын алдау арқылы иемденген.
25 қарашада Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының үкімімен лауазымды тұлғалар алаяқтық жасағаны үшін айыпты болып танылып, оларға мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойы айырумен әрқайсысына 1 млн. 800 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қоса, осыған дейін хабарланғандай, қаланың сауда нүктелерінің бірінде балық сатуға рұқсат беру және әрі қарай жалпы қамқорлық жасау үшін кәсіпкерден делдал арқылы 65 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін күдікті болған Шымкент қаласы әкімдігінің Аль-Фараби ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысына қатысты тергеу жалғасуда.
Күдікті кінәсінің деңгейін анықтай отырып, соңғы шешімді сот шығарады.