"Астана" "Манчестер Юнайтедті" жеңді

"Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі биылғы алғашқы жеңісін тойлады.

"Астана" өз алаңында ағылшынның "Манчестер Юнайтедін" ұтты, деп хабарлайды zakon.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

I тобының бесінші турындағы ойын "Астана Аренада" өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

"МЮ" Қазақстанға өзінің жас ойыншыларын алып келді, мықтыларынан тек Англия құрамасында ойнап үлгерген Люк Шоу мен Джесси Лингард алаңға шықты. Қарсылас сапында алғашқы минуттардан бастап алаңға шыққан ойыншылар арасында бірден үш дебютант болды.

10 минут өтпей жатып Лингард алыстан жасаған соққысымен допты Ненад Эрич қақпасында тулатты. Бұл бірінші таймда соғылған жалғыз гол болды.

Қызықтың бәрі үзілістен кейін басталды. "Астана" жеті минуттың ішінде екі доп соғып, есепте алға шықты.

55-ші минутта Дмитрий Шомко есепті теңестірсе, 66-шы минутта сербиялық легионер Антонио Рукавинаның өткір пасына тосқауыл жасамақ болған 19 жастағы қорғаушы Дишон Бернард допты өз қақпасына кіргізіп алды. Одан кейін есеп өзгермеді.

"Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі биылғы алғашқы жеңісін тойлады. Плей-офф кезеңіне шығуын қамтамасыз етіп қойған "МЮ" үшін бұл алғашқы жеңіліс болып отыр.

"Астана" 3 ұпаймен топтағы соңғы орында тұр. Ақырғы алтыншы тур ойындары 13 желтоқсанда өтеді, "Астана" сырт алаңда "Партизанмен" кездеседі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: