Толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек – Тоқаев

Накопление, накопления, сбережение, сбережения, деньги, финансы, инвестирование, инвестиции, капитал, отложения, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.02.2026 12:32 Фото: pixabay
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігін Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өтті.

Мемлекет басшысы елдегі инвестициялық ахуал жақсы екенін, 2022 жылдан бері тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асқанын айтты. Бірақ тартылған инвестицияның қарқыны әлі де баяу:

"Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа әрі сапалы инвестиция тарту үшін біртұтас стратегия қажет екенін атап өтті.

"Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Бәйтеректі" инвестициялық холдинг ретінде қайта құру және "Самұрық-Қазына" қоры мен ұлттық компанияларды жаңа заманға бейімдеу қажеттігін айтты.

"Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ", — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлар үшін тартымды салаларға баса назар аудару қажет екенін де айтты:

"Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн", — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылықтарын тиімді пайдалану маңызды:

"Қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: