Жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет – Тоқаев
Фото: pixabay
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде инвесторлармен жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өтті.
Мемлекет басшысы қазіргі жүйеде қағазбастылық пен жауапкершіліктің бөлінуі сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырғанын айтты.
"Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жолдауда да бұл мәселеге тоқталғанын еске салып, шешім қабылдау үдерісін жеделдету қажет екенін айтты.
"Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек. Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек", — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық штаб пен арнайы жауапты тұлғалардың рөлін атап өтті.
"Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет", — деді Президент.
Мемлекет басшысы инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшінің жұмысын атап өтті.
"Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге Focal point ретінде шағымдануға болады. Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент стратегиялық жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттарды енгізудің маңыздылығын айтты.
"Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр", — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript