1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жалпы республикалық акциясы аясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көмекке мұқтаж екінші топ мүгедектері мен аз қамсыздандырылған отбасыларға барып, азық-түлік себеттерін үлестірді, деп хабарлайды zakon.kz.
Айта кетерлігі, биылдан бастап волонтерлардың әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталды. Бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыс әкімдігінің №52 Қаулысымен (2019 жылғы 14 наурыздағы) "Қамқор" волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспары бекітілген болатын.
Жоспарға сәйкес әлеуметтік карта жасақтау мақсатында барлығы 1800 жас волонтер ретінде тартылды.
Бұл мақсатқа 15 млн теңге қаржы қаралды. Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені (Бейбітшілік 97 "А", Бәйдібек би 1 "А", Төле би 74 "Б" көшелерінде) ашылды, олар қажетті жабдықтармен (арнайы сөрелермен жабдықтау, тазалау құралдары т.с.с.) жабдықталды.
Халық көп шоғырланатын 5 сауда орындарында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер (9 мөлтек ауданы "Айырылмас" СО, Абай даңғылы "Тарго" СО, Қант зауыты аймағы, Рафинадная көшесі 3 "А" "Тәтті себет" ("Вкусная корзинка") СО, Жібек жолы 64 "Б" (40 мельница), "Тәтті себет" ("Вкусная корзинка") СО) орнатылды.
Жыл басынан бері жалпы 5 тонна (797 кг - қорлардан, 4,2 - тонна халықтан) киім-кешек жиналса, оның 2 тоннасы үлестірілді. Жалпы дүкенде 3 тонна киім-кешек қоры бар.
Дүкендерге 70 отбасы айына 1 реттен келсе, 20 отбасы 3 айда 1 реттен келетіні анықталып отыр. Сол сияқты, жоба аясында волонтерлардың ықпалымен облыс бойынша 609 отбасына 3,2 млн теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді.
Жоба аясында "Харекет" қайырымдылық қорымен бірлесе отырып Т.Рысқұлов, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында 6 мұқтаж (Байзақ - 2, Қаратау - 2, Т.Рысқұлов - 2) отбасына пәтер алып берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 үй алып беру жоспарлануда.
Еске сала кетейік, 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жалпы республикалық акциясына облыс әкімінің орынбасарлары да қатысып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетті.