"Ауыл – Ел бесігі" жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарының 90% немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Адамдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ауылдардың аудан және облыс орталықтарымен көліктік байланысы жақсаратын болады. Бұл туралы 3 желтоқсанда Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы қарау кезінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиында Агломерациялардың, моно- және шағын қалалардың, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары ауылдардың даму мәселелері туралы баяндаған ұлттық экономика министрі ауыл үшін урбанизацияның маңызына ерекше тоқталды.
Министр келтірген дерекке сүйенсек, Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның урбандалу деңгейі - ең жоғарысы – 58,%, алайда, ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Ол елдерде бұл көрсеткіш 77% құрайды. Урбандалу деңгейін 1%-ға арттырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 0,12% құрайды екен. Сәйкесінше, урбандалу деңгейі жоғары болған сайын халықтың табысы да жоғары болады. Сондықтан жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілетін болады.
Ол үшін барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделеді, оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталуда.
"Урбандалу деңгейін 62%-ға дейін жеткізу жоспарланады. Урбандалу жалпы ішкі өнімді 0,52%-ға қосымша арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлік теңсіздіктер қысқарады. Халықтың нақты ақшалай табыстары 25%-ға өседі. Бағдарламаның негізгі нәтижесі қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда тұратын азаматтардың әл-ауқатын арттыру болады", — дейді Руслан Дәленов.
Бұл бағдарламаның бірінші бес жылдығы осы жылы аяқталады. 4 ірі агломерацияның (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оларға іргелес елді мекендерінің) халық саны 1 млн адамға артты. Моноқалаларда сумен жабдықтау желілерінің тозуы 10%-ға және электр желілерінің тозуы 12%-ға төмендепті.
"Бес жыл ішінде 17 мың маманға "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік кредит берілді. Ауылдарды абаттандыру бойынша 8 мың жоба іске асырылды. 700 мыңға жуық ауыл тұрғындары үшін инфрақұрылым жақсарды. Аталған іс-шараларға барлығы 252 млрд теңге бөлінді. 2014 жылдан бері инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді", — деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, бүгінде 17 өңірде 87 қала мен 6,5 мың ауыл бар. 2015 жылдан бастап урбандалу деңгейі 58,2%-ға дейін өсті. Миллион тұрғыны бар қалалар саны 3-ке жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18 ірі қалада 1,5 есе артты.