Облыс тәртіп сақшылары "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" республикалық акциясы аясында Талдықорған қаласындағы әлеуметтік орталықтың қызмет алушыларымен кездесу өткізді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметі ұйымдастырған кездесуге тәжірибелі психолог мамандар шақырылды.
"Біз отбасылық кикілжіңдер мен олардың туындау себептерін талдау барысында қатысушыларға өмірден алынған мысалдары келтіре отырып, отбасылық қатынастардағы қиындықтарды айқындадық. Сондай-ақ, отбасындағы ер мен әйелдің рөлі айтылып, оларға қиындықтарды жеңу бойынша ұсыныстар берілді", - деп атап өтті Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметінің өкілі Алтынай Рақымбергенқызы.
Өз кезегінде, орталықтағы әйелдер отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын салыстыра отырып, бастарына түскен жағдайды "өмір сабағы" деп қабылдайтынын жеткізді. Кездесу барысында "Мен мықтымын!", "Мен балаларыма, туыстарыма, жақындарыма керекпін", "Менің отбасымның бақыты үшін күресуім қажет!" деген ұстанымдардың қалыптасқанын ерекше атап өту қажет.
Орталыққа орналастырылған әйелдер отбасылық қиындықтың салдарынан күйзеліске ұшыраған кез-келген әйел үшін психолог мамандардың көмегі ауадай қажет екені айтылды. Сонымен қатар, психолог көмегінің зор екендігі және олардың қызметіне жүгінудің еш ерсілігі жоқ екендігіне тоқталды.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, әлеуметтік орталық 2018 жылдың маусым айында құрылған және биыл орталықта 89 тұлғаға көмек көрсетілген. Оның ішінде 25 әйел мен 64 бала бар.