Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркельдің келіссөздері басталды

Шамамен бір жарым сағатқа созылатын келіссөздердің соңында екі елдің басшылары БАҚ алдына шығады.

Берлинде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Ангела Меркель арасындағы келіссөздер басталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Қазақстан мен Германия басшыларының салтанатты кездесуі әлемдегі ең көрікті әрі ең ірі үкімет штабтарының бірі саналатын Федералдық канцлер ведомствосының ғимараты алдында өтті. Қазақстан, Германия және Еуропалық одақтың жалаулары көтерілген кіре берісте Ангела Меркель Қасым-Жомарт Тоқаевты ілтипатпен қарсы алды.

Осыдан кейін Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның Әнұрандарын орындады. Артынша Федералды Канцлер және Қазақстан Президенті құрметті қарауыл ротасының сапы алдында жүріп өтті.

А.Меркель Қазақстан басшысын немістің ресми өкілдерімен, ал Қ.Тоқаев өз кезегінде қазақстандық делегация мүшелерімен таныстырды.

Рәсімнің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель кездесу басталған Федералдық канцлер кеңсесінің ғимаратына бет алды. Шамамен бір жарым сағатқа созылатын келіссөздердің соңында екі елдің басшылары БАҚ алдына шығады.

Айта кетерлігі, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ФРГ Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен де кездеседі. Қазақстан Президентінің сапарының алғашқы күнінің ресми бағдарламасы Германияның іскер топтарымен бірлескен түскі аспен аяқталады.

Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі. Орталық Азия аймағымен жасалған сауда операцияларының 85 пайызы - біздің елімізге тиесілі. Осы жылдың тоғыз айында ҚР мен Германия арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады. Германиядан Қазақстанға 2005 жылдан бастап осы жылдың 2-ші тоқсанына дейінгі жалпы тікелей инвестициясы 5,2 млрд долларға жетіп отыр. Германия экономикасының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттан тыс секторға тиесілі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: