"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры ресейлік "Интер РАО" энергетикалық компаниясының иелігіндегі Екібастұз ГРЭС-2 кәсіпорны акцияларының 50%-ын 25 млн долларға сатып алды. Бұл туралы брифингте Қордың басқарушы директоры Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
– "Самұрық-Қазына" Екібастұздағы ГРЭС-2-нің үлесін сатып алғанын жариялайды. Бұл мәміле бойынша "Интер РАО" АҚ контрагент болып табылады. Екі жыл бұрын "Интер РАО" аталған активтен шығып, оны сатуға қойған болатын. Сол кезден бері келіссөздер жүргізіліп, соның нәтижесінде ортақ келісімге келіп отырмыз. Бұл активті 25 млн долларға сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Қор бұл акциялар пакетін "Самұрық-Энерго" компаниясының басқаруына өткізеді, – деп түсіндірді Сәтқалиев.
Оның сөзінше, Қордың бұл активтегі негізгі мүддесі – Екібастұздағы ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогы құрылысы жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі болып табылады.
– Бұл жоба бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бар. Үшінші энергоблок Қазақстанда жыл сайын көбейіп келе жатқан электр қуатына деген сұранысты қанағаттандыру үшін қажет, екінші жағынан бұл жоба бізге ең заманауи технологияларды қолдану жағынан да өте қызық болып отыр. Біз аталған станцияда қосымша 636 МВт енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді басқарушы директор.
Оның айтуынша, қазірге дейін өте ауқымды жұмыстар атқарылып үлгерді – бастапқы қаржыландыру көзі тартылды, негізгі құрал-жабдықтар таңдау бойынша конкурстар өткізілді. Қор бұл жобаны ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен аяқтауды көздеп отыр.
Алмасадам Сәтқалиев атап өткендей, Қор Қазақстанның энергетика саласының тұрақты жұмыс істеуі мен елдің сенімді электр қуатымен қамтылуына мүдделі.
– Біздің ойымызша, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да, 100%-дық активтің қазақстандық меншік иелерінің қолында болуы да бұл кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, аталған энергоблок құрылысы барысында электр қуатын өндіру мен сатудан ғана емес, сонымен бірге көмір өндірісі мен тасымалы, Қазақстанның өндірістік секторындағы тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етуден түсетін қосымша табыстардың есебінен Қордың жалпы жағдайы жақсара түседі деп санаймыз, – деп қорытындылады ол.
Оксана Скибан, Нұр-Сұлтан