Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтау акциясы ақылы болды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.
- Кеше Дубайдағы ең биік ғимарат - Бурж Халифаның бүкіл әйнегі Қазақстан туы суретінің берілуі белгілі бір ақыға жасалған деген ақпарат болды. Шын мәнінде, бұл - Дубай әмірлігінің бастамасы. Бұл - мүлдем тегін жарнама, шетелдің біздің мемлекетімізге көрсеткен ілтипаты. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар, Қазақстанға дейін Өзбекстанның, Түркіменстан, Ресей, Беларусь және басқа елдердің жалауларының суреті ол арадан бой көрсеткен. Сол күні ғимараттың қасбеті Бахрейн жалауының түсіне де боялды, - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол 16 желтоқсанда осындай құттықтау үшін Сыртқы істер министрлігі белгілі бір қаражат немесе күш жұмсады деген болжамдардың бәрі шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Мұндай ақпаратты таратқан блогерлер мен журналистердің өз ар-ұяты білсін, олардың осындай акцияның өткізілуіне қатысты ақпараттың шын-өтірігін тексерместен жариялауы ойлау қабілетінің тарлығын және ақпараттық саясатқа деген кем көзқарастарын білдіреді", - деді СІМ өкілі.