Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасымен барлық аудан, қалалардағы орта мектептерде "Әкелер мектебі" құрылды. Оның құрамына кірген ақсақалдар мен түрлі ұйым мүшелері жасөспірімдер тәрбиесін түзеу мен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен айналысып, отбасылық тәрбиені насихаттап, мектептердегі бала тәрбиесіне атсалысады, деп хабарлайды zakon.kz.
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен облыстың әр ауданда аталған әлеуметтік жоба аясында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Ордабасы ауданы, Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясында "Әкелер мектебінің" ұйымдастыруымен "Әкелер мектебі – тәрбие мектебі" тақырыбында облыстық семинар өтті.
Жиында үздік 5-сынып оқушыларын "Жас ұлан" ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Жиынға қатысқан Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің мүшелері мен облыстық "Әкелер мектебінің" төрағалары, зиялы қауым өкілдері және мектеп басшылары оқушыларға ақ батасын берді.
- Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез-келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі еш уақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық, – деді Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жиын барысында.
Семинарда "Әке – алтын діңгегім", "Әке – тірек, бала – жүрек", "Отбасындағы әке орны", "Отбасындағы әкенің беделін қалай арттыруға болады", "Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең" тақырыптарында ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен тәрбиелік іс-шаралар өтті.