Жамбыл облысының 80 жылдығына орай бүгін Жуалы ауданы Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттарына 135 млн. теңге жұмсалса, құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 107,4 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды zakon.kz.
- Соңғы жылдары ауданымызда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлары жақсарып келеді. Міне, тек бүгінгі күні ауданда алты жаңа құрылыс нысандары ашылғалы тұр,- деді аудан әкімі Нарбай Ергебеков.
Айта кетейік, аудан әкімі Нарбай Ергебеков Билікөл ауылдық округінің тумасы, ұзақ жылдар ауылдық кеңестің, одан кейін ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарған, сондай-ақ, спорт саласын дамытып, талай спорт чемпиондарын тәрбиелеген Бекберді Қашкеевтың есімін осы спортзалға беруді қолдады.
Дәстүрлі спортзалдың лентасын аудан әкімі Нарбай Ергебеков, Ерғали Тілеубеков пен ардагер Еңсебек Абсалямов қиды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Жуалы ауданында – «Көктөбе» тұрғын алқабы ашылды. Аталмыш алқаптың сметалық құны 612,0 млн. теңгені құрап, 170 жер теліміне шақталған. Мердігер компания «Талас-Құрылыс» ЖШС аумағы 30 гектарды алып жатқан алқапта жалпы ұзындығы 5,9 шақырымдық көше-жол желісін салып, 4,2 шақырым газ құбырын, 7,1 шақырым ауыз су құбыры, 6,1 шақырым электр желілерін жүргізіп берген.
Инфрақұрылымы толық жасақталған алқапта сәулеті келіскен жаңа баспаналар бой көтеретін болады.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай 41 елді мекенде 41 медициналық, фельдшерлік-акушерлік пунктер мен дәрігерлік амбулатория ашылып, ел игілігіне тапсырылуда.
Сонымен қатар, тіршілік көзінің түйіні шешіліп, Шу ауданының Абай, Мойынқұм ауылдарын және Қордай ауданының Әлжан ана ауылын, Жуалы ауданының Қарасаз ауылын сумен қамту жүйесі іске қосылып, ел игілігіне тапсырылады.
Салауатты өмір салтының олжасына айналар оң істердің нәтижесі де мереке күндері облыс тұрғындарына тарту болмақ.
Яғни, Тараз қаласының Жансая мөлтек ауданы мен Талас ауданындағы Қаратау қаласы, Көктал, Үшарал ауылдарында және Жуалы ауданының Қарабастау ауылында спорт алаңдары ашылып, пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Тараз қаласында «Қабілет», «Азимут» аула клубтары мен «Қамұқат» тұрғын алқабындағы 150 орындық жеке меншік балабақша және «Үшбұлақ» жағажайының маңындағы кіші архитектуралық композициясы ашылады.