2020 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек мәселелеріне қатысты кеңес алудың бірыңғай байланыс орталығы жаңа нөмір бойынша жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Азаматтарға әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша консультация беретін 1411 бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылғы қаңтардан бастап іске қосылады. Бұл ретте, "111 жедел қызмет байланыс орталығы" жабылады. Министрлік құзыретіне кіретін барлық мәселе бойынша кеңес алу үшін "1411" нөміріне қоңырау шалу қажет", – деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің хабарлауынша, "1411" нөмірі арқылы әлеуметтік қолдау мен берілетін жәрдемақыларға қатысты барлық сұраққа жауап алуға болады.
"Байланыс орталығының мамандары зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, еңбек қатынастары және жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер порталы бойынша кеңестер береді.
"1411" байланыс орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Қазақстанның барлық өңірінен өтініштер қабылдайды. Азаматтар көбінесе зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты мәселелермен жүгінеді", – делінген хабарламада.