Қазір Ирандағы жағдай, саяси ахуал, ондағы қазақтар туралы Иран қазағы, Тегеран тұрғыны Жафар Шадкам сұқбат берді, деп хабарлайды zakon.kz "Замана" басылымына сілтеме жасап.
– Жафар мырза, соңғы болған оқиғалар қарапайым халыққа қалай әсер етуде?
– Өздеріңіз білесіздер, Иранда 1979 жылы төңкеріс болып, бұрынғы шах режимі құлағаннан кейін Ислам мемлекеті болып қайта құрылды. Содан кейінгі онжылдық ішінде Иран мен Ирак арасында соғыс басталып, 8 жылға созылды. Соның салдарынан Иран мен АҚШ арасында текетірес басталды. Әр жылдары әртүрлі деңгейде жалғасып келеді. АҚШ жағы Иранды тізе бүктіргісі келеді. Санкциялар салудан жалыққан емес. Бірақ біздегі билік те оңай берілмейді. Тізе бүкпейтінін ашық айтып, барынша әрекет етіп жатыр. Дегенмен бұл біз секілді қарапайым халыққа әсер етпей қоймайды. Тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі жылдан-жылға нашарлап барады. Қымбатшылық жайлаған. Бірақ халықтың рухы түспеген. Билікті барынша қолдап, бұл жағдайдан бірлесе шығуға, шыдамды болуға тырысуда.
– Ал ондағы қазақ бауырларымыздың жай-күйі қалай? Өзара араласып, байланысып тұрасыздар ма? Қазақстанға келсек дейтіндер бар шығар?
– Ирандағы қазақтар Каспий теңізінің жағалауына жақын Гүлстан облысына қоныстанған. Оның бас қаласы – Горган. Горганның екі кварталында қазақтар өмір сүреді. Горганнан 37 шақырым қашықта Бендер-Туркмен деген қала бар. Біраз бауырларымыз сонда тұрады. Кумбез деген қалада да аздаған қазақтар бар. Жағдайы, шүкір деу керек, ешкімге алақан жайған емес, тіршіліктерімен айналысып жатыр. Өзара байланысымыз өте мықты. Бір-бірімізді білеміз, жақсы танимыз. Той-жиында, басқа да жағдайларда ауызбіршілік танытып, жиналып, керек болса, қол ұшын созып дегендей, араласып тұрамыз.
Иранға бұрыннан қоныс тепкен қазақтардың үштен бірі Қазақстанға қоныс аударған. Бүгінде олар Маңғыстау облысының Ақтау қаласында тұрады. Қалған кісілердің де елге кеткісі бар. Әсіресе жастар жағы ынталы болып тұр. Ирандағы саяси ахуал олардың еңсесін басып тастады.
"Атамекенге барып бейбіт елде өмір сүрсек, ұрпағымызды сол жақта өрбітсек" дейтіндер көп. Бірақ бір нәрсе қатты қынжылтады: ол Қазақстандағы тіл мәселесі. Қазақ тілінің кенжелеп, орыс тілінің алға шыққаны біздегі жастардың аяғына тұсау боп тұр. Барсақ, орыс тілін білмегеннен жұмыс таба алмайтын шығармыз деп күмәнданады.
– Таяуда ғана Иранның генералы Касем Сулейманидің қаза тапқанын білеміз. Сіз сол кісіні ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысыпсыз. Жалпы, Сулеймани деген кісі кім?
– Генерал Сулейманиді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі батыста орналасқан Ахваз қаласынан басталды. Сосын Мешхед деген үлкен қалада жалғасып, Тегеранда өтті. Ол жиынға қатысқан ирандықтардың санына жету мүмкін емес. Өзім «Азаттық алаңы» деген жерге бардым. Сонда халықтың генералға деген махаббатын көзбен көріп, жүрекпен сезіндім. Жылап, еңіреп тұрған адамдардың санында шек жоқ. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Тегераннан кейін Он қаласында жалғасты. Соңында генералдың денесі туған жері Керманға жеткізілді. Жерлеу рәсімі адамдардың көптігіне, жол қозғалысының қиындауына байланысты уақытынан кешіктірілді. Ел үш күн аза тұтты. Халық Касем Сулейманиды шын сыйлайтын, құрметтейтін. Генералды Иранның әскери бастамаларына жауап беретін басты стратег деп санаған. Ол Ираннан бөлек, Сирия, Ливан, Ирак пен Йеменде де абыройлы болатын. Осы ретте айта кету керек, генерал Сулеймани түнде, 1-ден 20 минут өткенде қаза тапқан. Иран билігі осыны ескере отырып, Ирактағы АҚШ-тың әскери базасын дәл сол уақытта зымырандармен атқылады. Мәліметтерге сүйенсек, 20 зымыран нысанаға дәл тиіп, АҚШ-қа орасан зор шығын келтіріліпті. Иран АҚШ-ты бүкіл Таяу Шығыс аймағынан қуып шықпайынша тынышталмаймыз деп отыр. Соңғы болған оқиғалардан кейін ирандықтар әлеуметтік желілер арқылы бір белгі тарата бастады. Яғни ол Иран жеріне аяқ басар болсаңдар денелерің табытпен шығады дегенді білдіреді. Қысқасы, Ирандықтар оңайлықпен берілмек емес.
– Сіздіңше бұл саяси текетірестің соңы қалай аяқталуы мүмкін?
– Бұл мәселені бейбіт жолмен шешу керек. Өйткені екі ел арасында соғыс бола қалса қаншама жазықсыз жанның қаны төгіледі. Орасан зор шығын келеді. Дональд Трамп кешегі мәлімдемесінде. «Біз соғысты қаламаймыз, бейбітшілікті жақтаймыз. Бірақ Иранға қарсы санкцияларды күшейтеміз» деді. Мұның өзі біздің елдің экономикасына, басқа елдермен байланысына кері ықпал етуде.
Тапшылық көріп отырмыз, тіпті науқастарға қажетті дәрі-дәрмектерді таба алмаудамыз.
Сондықтан біз бұл жағдайды бейбіт жолмен шешілсе деп Жаратқаннан тілеудеміз.
– Лайым солай болсын. Ал енді өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып беріңізші.
– Мені Қазақстандағы бауырлар Жапарбай деп таниды. 1966 жылы Горган қаласында дүниеге келгенмін. Орта мектепті бітіргесін спорт саласы бойынша жоғары білім алғанмын. Сол кездерде Иранда әр тілде хабар тарататын радиолар ашылған еді. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып, қазақ радиосында жұмыс істегенмін. Үш жыл болды, зейнетке шықтым. Жұбайым Айша да сол радиода қызмет еткен. Қазір зейнеткер. Екі қызымыз бар, үлкені 10-сыныпта, екіншісі 5-сыныпта оқиды. Қыздардың білім алуына ыңғайлы болғасын әрі өзімізге де жақсы жұмыс табылғасын Тегеран қаласына қоныс аударғанбыз. Жағдайымыз жаман емес, айлық жалақымыз жеткілікті. Шүкір дейміз.
– Қазақстандағы оқиғалардан да хабардар шығарсыздар? Сырт көзбен қарағанда елдің жағдайына қандай баға бересіз?
– Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы, сондықтан Қазақстандағы әр оқиғаны қалт жібермей бақылап отырамыз. Күннен күнге дамып, әлемге танылып келе жатқаны қуантады. Бірақ мынау Қытай экспансиясы бізді қатты алаңдатып отыр.
– Қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар, қандас бауырларға бізден сәлем айтыңыз. Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.