Депутат Жұлдыз Омарбекова өзінің жақын туыстарын телефон арқылы жауапты қызметтерге орналастыратын лауазым иелерін жазалауды ұсынды, деп хабарлайды zakon.kz.
- Біздің елде идеология жоқ дегенмен мен келіспеймін. Бізде жемқорлық деген идеология бар. Жемқорлықтың түрі көп, бірақ ең қорқыныштысы – тамыр-танысын жұмысқа тұрғызу. Зауытты басып алу үшін оның директоры етіп өз адамыңды қойғаның жеткілікті деген сөз бар еді. Ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнуде. Біліксіз маман – ұлтқа қауіпті. Бір лауазымға біреуді жұмысқа алу үшін өзге біреулердің ақыл-кеңесі керек емес. Біреуді қызметке ұсыну немесе қызметке алуға мәжбүрлеу – бұл барып тұрған жемқорлық. Осындай норма енгізуге бола ма, қалай ойлайсыз? — деп сұрады депутат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов өз кезегінде әсіресе мемлекеттік органдарда, білім мен денсаулық сақтау саласында мұндай жағдай жиі кездесетінін мойындады.
- Мұндай деректер көптеп кездеседі. Қазіргі заң бойынша бұл мемлекеттік қызметтің атына кір келтіретін іс-әрекет деп танылады. Ондай адамдар қызметінен босатылады және жұмысқа қайта алынбайды. Меніңше, бұл жеткілікті мөлшердегі қатаң жаза, - деді Бектенов.
Егер тергеу шенеуніктің белгілі бір тұлғаны телефон арқылы жұмысқа орналастырғанын және ол үшін ақша алғанын дәлелдесе – ол мүлдем басқа бап, ҚР ҚК 366-шы бабы бойынша жауап береді.
- Меніңше, жұмысқа тұрғызу мәселесімен телефонмен қоңырау шалғаны үшін қызметінен босату жеткілікті. Өйткені ол мемлекеттік қызметтің атына кір келтірді, деді Агенттік төрағасының орынбасары.