ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, сондай-ақ, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындығы туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндады.
"Биыл Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып табылады. Осы жылдың ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған", — деді Мамин.
Үкімет басшысы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Мамин тиісті мемлекеттік органдарға және Шымкент қаласының әкімдігіне ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясындағы барлық іс-шараларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, сонымен қатар екі апта мерзім ішінде сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік салаларында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін қарауды тапсырды.
Жұмыс сапасы аясында А. Мамин Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдағы өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын жолаушылар терминалының салыну барысымен танысты, оны биыл қазан айына қарай аяқтау жоспарланған.
Оңтүстік АЭА аралау кезінде Үкімет басшысына 1700-ден аса жаңа жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 58,8 млрд теңге болатын, қазір іске асырылып жатқан 23 жоба туралы баяндалды. Ірі перспективалы жобалардың бірі ретінде 2020-2025 жылдары салынатын сорғылау жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіретін зауыт құрылысы таныстырылды. Жобаның құны — 26,5 млрд теңге, 1500 жұмыс орны құрылады.
Премьер-Министр ұзақ жылдардан бері жұмысы тоқтап қалған тігін және жіп иіру тоқыма фабрикаларына барып, "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ның оларды іске қосу және Қазақстанның тоқыма кластерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл 800-ге жуық жаңа жұмыс орны мен Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің екі есе өсімін қамтамасыз етеді.
Үкімет басшысы археологиялық қазбалар кезінде табылған "Шымкент қалашығы" (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді. Мұнда ежелгі дәуір музейі, галерея, амфитеатр салынатын болады. Жобаның тарихи құндылығы зор және ол Шымкенттің тартымды туристік нысанына айналады.
Өңірдің туристік әлеуетін дамыту аясында А. Мамин сонымен қатар Шымкент қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан облысы Төле би ауданындағы Қасқасу шатқалына барып, "Қасқасу" туристік рекреация кешенінің жобасымен танысты.