Қазақстанда ажырасудың ең кең тараған себебі аталды

Бұл отбасындағы - тұрмыстық зорлық-зомбылық.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамда кең тараған құбылыс. Соңғы кезге дейін мемлекеттік органдар мен қоғам бұл фактілерге көз жұма қарап келді. Қазір елімізде "Отбасылық сот" деген пайда болды, оның негізгі мақсаты да осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ерлі-зайыптылардың денсаулығына келтіруіне қатысты заңбұзушыларға бөлек бөлім қарастырылды, деп хабарлайды zakon.kz.

2018 жылдан бастап Қазақстан соттарында "Отбасылық сот" пилоттық жобасы іске қосылды. Оның мақсаты - отбасын сақтау. Жұмыс барысында судьялар ажырасудың басты себептерінің бірі - тұрмыстық зорлық-зомбылық екенін анықтады. Сондықтан 2019 жылы Нұр-Сұлтанның СМАС-ы да үйдегі зорлық-зомбылық фактілері бойынша пилоттық жобаға енді.

Жоғарғы Сот біздің соттар алдына тек жанжалдасушы тараптарды татуластырып қана қоймай, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы міндет қойды. Отбасылық судья ретіндегі менің мақсатым - бұл фактілердің қайталануын болдырмау. Бірақ оның өте қиын екенін түсінесіздер ғой. Бір адамның қолынан ондай іс келе бермейді, сондықтан сіздер арқылы көпшілікке мұндай жағдайларға бей-жай қарамай, ол мәселенің шешілуіне өзінше ат салысуын сұраймыз. Біз жиналып, көп болып көмектесуіміз керек, - деді журналистерге арналған баспасөз мәслихатында әкімшілік соттың судьясы Айгүл Қайдарова.

Жоба аясында сот 13 мемлекеттік мекеме, қоғамдық қорлармен меморандумға қол қойған. Олар қиындыққа тап болған отбасыларға тегін көмек көрсетеді.

Жақсы психолог пен психотерапевтер жұмыс істейтін қорлар бар. Біз отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарын, оған куә жаны жаралы балаларды сонда жібереміз, - деп қосты ол.

Оның айтуынша, 2019 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 2018 жылмен салыстырғанда 11% азайды. Бірақ бұл қуануға себеп емес. Қайдарованың айтуынша, статистика бұл ретте нақты жағдайды сипаттамайды. Себебі, жасырын мәселелер әлі де көп.

Өткен жылы біз бір істі қарастырдық: әйел 30 жыл отасқан күйеуінен ажырасуға өтініш түсірді. Мен: "Неге сонша жылдар бойы шыдап келдіңіз, енді не болып қалды", деп сұрадым. Ол күйеуі бұрын білдіртпейтіндей ұратынын, оның іздерін киіммен жауып, жасыруға болатынын айтты. Ал соңғы кездері күйеуі денесінің ашық жерлерінен, тіпті бетінен де ұрып, із қалдыратын болған. Осындай жасымда күйеуімнен таяқ жеп жүргенім үшін балаларымнан, немерелерімнен, көршілерімнен ұяламын. Сондықтан мен арыздануға мәжбүр болдым, - деп жауап берді ол, - деген судья отбасындағы зорлық-зомбылықты мемлекеттік орган түгілі өзінің туған балаларынан, көршілерінен де жасыратын отбасылар бар екенін айтты.

"Отбасылық сот" мұндай істерді қарау кезінде әр отбасының жағдайын жеке-жеке қарастырады: жанжалдардың себептерін анықтайды, агрессор құрбандарына көмектеседі.

Біз қалай көмектесеміз? Егер қол көтеретін адам жұмыс істемей, күні бойы үйде отырып, ішімдік ішсе, біз оны нашақорлық орталығына жібереміз, ол жерде нарколог, психотерапевттен тегін кеңес алады, одан соң жұмыспен қамту орталығына жібереміз, ал олар жұмыс ұсынады, сол секілді Әкелер одағына жібереміз, онда құрметті азаматтар, көпбалалы отбасының отағасы, ақсақалдар оны ортаға алып, жөнге салуға тырысады, - деп қосты судья.

Сонымен қатар, ол соттың, өкінішке қарай, адамдарды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберуге құқығы жоқ екенін атап өтті. Ал шын мәнінде барлығы бірдей ішкіліктен емделуге өз еркімен ықтиярлық таныта бермейді.

Сондықтан сот балама жол ұсынады – Анонимді алқаштар одағының қызметін пайдалануды, мұнда оның мұндай тәуелділігін ешкім білмейтін болады.

Бірақ, әзірге бәрі ауыр жүріп жатыр. Бірақ, соған қарамастан, нашақорлық орталығының бас дәрігерімен сөйлескенде, ол адамдар соттың жолдауы бойынша емдеу курстарынан көптеп өтіп жатқанын айтты. Бірте-бірте біз адамдардың емделгені сотқа емес, өзіне керек екенін сезіп, өз еркімен онда баратын күнге де жетерміз деп ойлаймын, - деп сөзін жалғастырды Қайдарова.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қалалық СМАС ұсынысы бойынша 1232 адам психологтың кеңесіне жүгінді, 196 адам наркологқа жіберілді. Жұмыспен қамту орталығы 38 адамды жұмысқа орналастырды.Заңгерлік кеңес 22 адамға берілді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: