Президент Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілін жаңадан тағайындады, деп хабарлайды zakon.kz.
"Мемлекет басшысының Өкімімен Рустам Манарбекұлы Жүрсінов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды", делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметінен босатылды.
Рустам Манарбекұлы Жүрсінов 1976 жылдың 16 ақпанында Өскемен қаласында дүниеге келді. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін (заңгер), 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (экономист), 2013 жылы - "СКОЛКОВО" Мәскеу басқару мектебін (Executive MBA) тәмамдаған.
Әр жылдары ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігіндегі заң департаменті директорының орынбасары, "GRATA" заң фирмасының серіктесі, "КМГ-Консалтинг" ЖШС бас директоры, "ҚазМұнайГаз" "Барлау және өндіру" АҚ-тың құқықтық мәселелер бойынша басқару директоры, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да заң департаментінің (басқарма мүшесі) директоры болып жұмыс істеген. ҚР ҰКП-на тағайындалуына дейін "KAZENERGY" қауымдастығының атқарушы директоры болып қызмет еткен. 2015 жылы 20 қаңтарда ол ҚР ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.