Қазақстан жастарына бүгінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктер мен жаңа тенденциялар бар. Мәселен, 2019 жылы республикада "Жастар жылы" деп жарияланып, ауқымды іс-шаралар өтіп, көп жасты жұмыспен, баспанамен қамту, олардың шығармашылық әлеуетін кеңейту, сапалы білім беру т.б мәселелер басты нысанаға алынып, орындалды. Оған жастар кадрлық резервінің өзі үлкен мысал бола алады, деп хабарлайды zakon.kz.
Кемел елдің келешегінің тұтқасы – жастарда
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1993 жылы "Болашақ" халықаралық стипендиясының негізін қалап, елдегі қаншама жас әлемнің озық мемлекеттерінде білім алып, тіл меңгеріп, өздерінің кәсіби мансабында жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Бұл стипендия әлі де жалғасын тауып келеді. "100 жаңа есім" жобасы да ел ішіндегі қабілетті жастарды бар республика көлеміне таныту мақсатын көздейді. Енді міне 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "Волонтер жылы" деп жарияланды. Қазақстан - ТМД елдері ішінен волонтерлік қызметке ерекше мән беріп отырған мемлекет. Жалпы волонтерлік қызмет жастардың танымы мен белсенділігін арттыруда таптырмас мүмкіндік. Белгілі бір іс-шараларға қатысумен қатар, өзіне жаңа орта табады, қарым-қатынас ауқымын кеңейтіп, болашағына сенімі нығая түседі.
Қ.Тоқаев 2019 жылы Волонтер жылының ашылу салтанатында бұл қызмет туралы сонау БҰҰ-да жұмыс істеп жүрген кезінен бері білетінін айтты.
"Мен сол кезде де еріктілерге мүмкіндік жасау керектігін айтып жүрдім.Еріктілер - жаны таза адамдар. Олар - елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз",- деген еді Мемлекет басшысы.
Ал күні кеше ғана жастармен кездескен Қасым-Жомарт Кемелұлы Волонтер қозғалысының құрметті елшісі атанды.
"Менің төтенше және өкілетті елші деген дипломатиялық дәрежем бар. Алайда, волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі болудың маңызы одан еш кем емес деп ойлаймын. Бұл – мен үшін үлкен құрмет, бірлесіп жұмыс жасаймыз",- деп атап өтті.
Негізінен осы жылы волонтерлік қызметке бел шеше кірісетін жастарға көп мүмкіндік туды. Оны Нұр-Сұлтан қаласындағы волонтерлердің "Birgemiz" республикалық фронт-кеңсесі жұмысының салтанатты ашылу рәсімінде мемлекет басшысы да алға тартқан болатын. Жас өскіннің волонтер болу арқылы еңбек өтілін жүргізуіне де жол ашылмақ. Ел президенті бұл мәселені есепке алатынын тілге тиек етті. Бұдан өзге волонтерлік қызмет атқаратын жастардың шәкіртақысын өсіру басшылыққа алынды. Қ.Тоқаев волонтер студент жастардың шәкіртақысын өсіру туралы тапсырманы міндеттеді. Осы орайда, қайбір жылдары елде және шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттерге шәкіртақы тағайындағанымды айта кеткім келеді. Бұл дәстүрді биыл да жалғамақпын. Сондықтан да, әрбір кәсіпкер ерікті болса деймін. Отандық әр іскер азамат осы бағытты ұстанса деген ойым да бар.
Сондай-ақ коммерциялық бағытта оқитын волонтер студенттер де назардан тыс қалмайды екен. Олардың волонтерлік қызмет сағаты есебінен оқудағы кредиттерін есепке алу қарастырылады. Бұл волонтерлерге арналған жылдың басында қабылданып жатқан шешімдер. Бір жыл көлемінде волонтерлер жылы тұшымды өтіп, бар көзделген мақсаттар орындалатынына және волонтер болған жастардың өздеріне жаңа таным көкжиегін ашатындарына сенім мол.
Волонтерлік қызметке кейде анау айтқандай мойын бұрып қарамайтындар да кездесіп жатады. Бірақ волонтер болу бұл – құрметті қызмет. Себебі кез келген жан өз еркімен қоғам дамуына көмек көрсетіп, ат салыса алады. Мәселен, шет мемлекеттерде волонтерлікті де қызмет есебінен қарайды. Жас жеткіншек қанша жыл волонтер болса, ол соншалықты еңбек өтілі бар деп қаралып, еңбекпен еш қиындықсыз қамтамасыз етіледі. Бұл волонтер қызметінің ең ұтымды тұсы болар деп топшыладық. Сонымен қатар волонтер болған жастарға қаржылай да қолдау көрсетіліп, тегін жолақы билеттерімен де қамтылады.
Біздіңше, волонтер болудың ең басты тұсы ол отандық, халықаралық шараларға қатысу, қаншама тұлғалармен танысу, тіл меңгеру, орта табу әрі өз елінің тарихты бірге жасау. Бұл адамның ой-танымының өсуіне, әрі қарайғы дамуына таптырмас мүмкіндік. Өзінің көкейде жүрген кей армандарын қалай орындарын білмей жүрген жастар волонтерлік арқылы қалаған ниетіне қадам баса алады. Табысты болудың да кілті қоғамды құраушы еркін адамдардың қолында. Қазіргі заман күн санап өзгеруде, техника мен жасанды интеллект, ІТ салаларының ілгері шыққан уағында уақыт өте құнды дүниеге айналып кетті. Волонтерлік қызмет уақытты тиімді өткізудің бір жолы. Бүгінде қазақстандық жастар өз талаптарын ашық айтып, пікірлерін еркін жеткізе алады. Бұрынғыдай алыс ауылдамын дейтіндей заман емес. Мемлекет "Жастар жылы", "Волонтер жылы" арқылы елдің ертеңі болар жалынды жастардың үніне барынша құлақ салып, олардың таңдауына жол ашуда. Қазір шетелде білім алу, тіл үйрену, өзі қалаған шығармашылық түрімен айналысу, қалаған көзқараспен өмір сүріп, қалаған кітабын оқуға еш шектеу жоқ. Еркіндікті тұсау ол адамның жан қалауларын қанағаттандыра алмайды.
Сондықтан ең басты бағыт та – еркіндікте. Осы орайда ерікті түрде волонтер атану да жастардың таңдауы, солардың ынтасы. Отанымен қоса өнген жас өркеннің халқымен арман-мүддесі бір болады. Қазір әлемге терезені ашып тастап та қарай аласыз. Ол рас. Кез келген мемлекеттің жақсы да, кемшің де тұсына куә болып, іске алғысын қажетіне жаратарсыз. Жастар кез келген нәрсеге тез бейімделгіш келеді. Бірақ олардың өз Отанына деген елжандық сезімі қай сәтте де ең аяулы болып қалуы керек қой.
Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлы өз сөзінде жастарға "Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді", - деген еді.
Ендеше, ынталы, ертеңіне сенімді және болашағына байыппен қарайтын, ел дамуына тамшыдай да үлес қосуға даяр жастарды Волонтер жылында тың белестер күтуде. Жас келсе, іске!
Оралбек БОТБАЙ,
кәсіпкер, "Парасат" орденінің кавалері