Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында депутаттар алдында сөз сөйледі. Сенат Төрағасы Елбасының коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде орын алған ахуалға сындарлы талдау жасаған, азаматтардың денсаулығын сақтау, осындай күрделі жағдайда халықты және ел экономикасын қолдау жөніндегі мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға жоғары баға берілген мақаласы жарияланғанын атап өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
"Тұңғыш Президент атап өткендей, жағдайды тұрақтандыру жолында көп жұмыс жасалды, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Ең бастысы – осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын түсінуіміз керек. Ол үшін біздің мемлекетімізде қажетті ресурстардың бәрі бар", - деп атап өтті Д.Назарбаева.
Сенат басшысы ұлағатты және оң істердің осындай қиын-қыстау, дағдарыс кезеңінде айшықтала түсетінін атап өтті. Бүгін Елбасының Ұлттық қорды құру, экономикамызды әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі көреген саясаты өз жемісін беріп отырғанына куә болудамыз. Елбасының аса көрегендікпен қабылдаған шешімдері бүгінгі таңда дағдарысты еңсеруге мүмкіндік беріп отырған еліміздің қауіпсіздік қорғанышын, мемлекеттік, экономикалық және әлеуметтік жүйеміздің негізгі тұрақтылығын құрды.
"Біздің мемлекетіміз, халқымыз бұл дағдарысты да абыроймен еңсеріп, одан әрі шыңдала түсетініне кәміл сенемін", - деді Д.Назарбаева.
Жоғары Палата басшысы Елбасының мемлекет басшылығы тарапынан қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы шараларға толық қолдау білдіргенін және барша халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты және Үкіметті қолдауға шақырғанын атап өтті.
"Елбасының кешегі үндеуі Ұлт лидерінің көрегендігін және өз елінің нағыз көшбасшысы екенін айқын көрсетіп, біздің дағдарысты еңсеру жолындағы іс-қимылымызға тың серпін береді деп барлық сенаторлардың атынан айта аламын", - деді ол.
Д.Назарбаеваның айтуынша, ең бастысы бүгінгі күні маңызды шаралардың жергілікті жерлерде тиімді әрі нақты орындалуын қамтамасыз ету.
"Өкінішке орай, көбінесе тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақтарды туындатып жататынын бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Әсіресе, артық бюрократиялық формализмге, әкімшілік құлшынысқа немесе жөнсіздікке жол беріліп жатады. Мұның бәріне тиісті баға берілетініне сенімдімін", - деді ол.
Д.Назарбаева цифрландыруға жеке тоқталып, тексеріс нәтижесінде мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электрондық қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблемалардың бар екені белгілі болғанын атап өтті. Сондай-ақ, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы дағдарыс кезінде беті ашылған проблемаларды ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін басып айтты.
"Депутаттар еліміздің басқару жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүдделі емес екендігі жайлы, статистиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын", - атап өтті ол.
Дариға Назарбаева сенаторлардың және өзінің атынан әрдайым, қиын сәттерде ынтымақтасып, бірлік көрсетіп отырған Қазақстан халқына, түсіністік пен сабырлық танытқан еліміздің әрбір азаматына зор алғысынын білдірді. Сондай-ақ, Д.Назарбаева жақын туыстарынан айрылған отбасыларға көңіл айтып, сырқаттанып жатқан азаматтарға тез арада айығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Сенат басшысы қазіргі қауырт режимде қызметтерін жалғастырып жатқан азаматтардың: медициналық, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер мен волонтерлардың маңызын атап өтті.
"Бұл қызметкерлерге қазір оңай тиіп жатқан жоқ, өйткені олар індеттің меңдеуін тоқтатуға күш салып, ауруханалар мен инфекциялық бөлімшелерде науқастарды емдеп, адам өмірін сақтап, көшелерде, блокпосттарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, күнделікті ерлік жасап жатыр. Бұл күресте алғы шепте жүрген азаматтарға айтылған алғысыма Қазақстанның әрбір азаматы қосылатынына сенімдімін. Осындай қиын кезеңде сіздердің ерліктеріңізді баршамыз үлгі тұтамыз. Сіздер – жүрекке сенім ұялатып, жақсылыққа деген үміттің бастауы екендеріңіз айқын", - деді Д.Назарбаева.
Сенат Төрағасы өңірлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген, жұмыс орындарын және еңбеккерлердің жалақыларын сақтау шараларын ұйымдастыруға, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерді және өзге де аз қамтылған отбасыларды тегін азық-түлікпен және санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келе жатқан мәслихаттар депутаттарына жеке алғысын білдірді.
Д.Назарбаева бұдан басқа қиын кезеңде мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қаржылай қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлерге де алғыс айтты.
Дариға Назарбаева сөзін қорытындылай келіп, халқымыз өзіне тән даналығы мен төзімділігінің арқасында бұл сынақтан да аман-есен өтетініне сенім білдірді.
Елбасы айтқандай, "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді".