Түркістанның іргесіндегі Нұртас Оңдасынов ауылындағы жұрт тұтастай елді-мекен халқын медициналық тексерістен өткізуді сұрайды. Себебі, коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандардың саны артып келеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Н. Оңдасынов ауылының тұрғыны:
- 3-ші сәуір күні індет таралуына байланысты толық карантинге жабылып оқшаулады. Содан бері ауылда ешқандай дезинфекция жұмысы болып жатқан жоқ. Тек сол шыққан үйлерді ғана келіп, дәрілеп кетті. Ал ауру күннен күнге көбейіп жатыр. Байланыста болғандар көбейіп жатыр. Міне, кеше, алдыңғы күні 17 адам әкетті, кеше де 20 адам әкетті.
Бір аптадан бері 1300 тұрғыны бар Нұртас Оңдасынов ауылы қоршауда. Бекеттен ешкімді өткізбейді. Өйткені төрт адамнан Сovid-19 вирусы табылған. Бірақ мұндағы жұрттың карантиндік шараға мүлдем көңілі толмайды. Біріншіден, жауаптылар эпидемия кезінде міндетіне салғырт қарап отыр дейді. Екіншіден, ауылда жедел жәрдем көлігі жоқ. Жергілікті биліктен үміт үзген тұрғындар қаражат жинап, көшелерді өздері дәрілеп шыққан. Ал, билік өкілдерінің мәліметінше, бүгінге дейін індет ошағы ретінде тіркелген 37 үйдің ауласы залалсыздандырылған. Тұрғындар біздің арнаға шағым түсірген соң, Кентау әкімдігінің өкілдері ауылға ат басын бұрды. Ресми мәліметке сүйенсек, қазір 52 адам Түркістан қаласында. Бұдан өзге ауылдағы 205 адам дәрігерлердің бақылауында.
Жанат Тоғайбекова, Кентау қалалық емханасының бас дәрігері:
- Қазір бізде ондай ешқандай мүмкіншілік жоқ, барлық адамнан жаппай тексерту. Бізде өзіміз медицинамызда бекітілген қаулылар бар. Ол қаулыларға сәйкес, тек ошақ болған жерде, байланыста болған адамдарды ғана тексеруге аламыз.
Нұртас ауылында 230 үй болатын болса, 230 үйдің 37-сі қазір бақылауда.