7 сәуірде Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы мүгедек балаларды ұрып-соққан тәрбиешілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті. Сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысқаннан кейін ол құжаттар сотқа жіберілетін болады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратура бір жыл бұрын Атырау қаласындағы психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернаттағы бейнебақылау камераларын тексерген кезде балаларды ұрып-соғу деректері анықталған болатын. Бұл іс жұртшылық арасында кеңінен талқыға салынды.
Дегенмен, 2020 жылдың ақпан айының соңында тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабындағы 1-бөліктің 4-тармағы негізінде «қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай» тоқтатылды.
Бұл істі ерекше бақылауға алған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның бастамасы бойынша Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне хат жолданып, тиісті депутаттық сауалдар әзірленген болатын, онда интернат тәрбиеленушілеріне қатыгездік танытқан кінәлілерді заңға сәйкес қатаң жазалау талабы айтылды.
2020 жылғы 12 наурызда Атырау облыстық прокуратурасы Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүгедек балаларды соққыға жыққан тәрбиешілерге қатысты қылмыстық істі қысқарту туралы шешімнің күшін жойды. Іс қосымша тергеуге қайтарылды.
ІІМ ақпараты бойынша, қайта тергеуден кейін тәрбиешілер мен санитарлардың жас тәрбиеленушілерге қатысты қатыгездік фактілері расталды. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, сараптама жүргізу кезінде орталықтың үш жас тәрбиеленушісінде 1-3 тәулік шамасында дене жарақатын алғаны, денсаулықтарына жеңіл зиян ретінде сараланғаны белгілі болды.
Биылғы жылдың 24 наурызында қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 110-бабындағы 2-бөліктің 1,2-тармақтары бойынша кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға қатысты кінәні мойындау деп сараланды. Осы мекеменің тәрбиешілері мен санитарларының әрекеттері еліміздің Қылмыстық кодексінің аталған бабына жатқызылып отыр.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның ақпараты бойынша, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты жол берілген процессуалдық бұзушылықтар үшін облыстық полиция департаменті бастығының орынбасарына, тергеу басқармасының бастығына және оның орынбасарына, сондай-ақ анықтаушыларға қатысты тәртіптік іс қозғалды. Атырау қаласы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры қызметінен босатылды, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары және мекеме бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Іс Дариға Назарбаеваның жеке бақылауында болады.