Коронавирус ошағында қалған дәрігер: Қазақстанның бүкіл ауруханасын тексерсін!

Алматылық дәрігер Дидар Меркідегі әріптесі Толқынай секілді өздерінің қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілмегенін ашып айтып, құзырлы орган мен Президенттен өз істеріне қатысты әділ тексеру жүргізуді сұрайды.

13 сәуірде Алматыдағы №12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасының 20 медициналық қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Артынан бұл аурухананың бүтіндей карантинге жабылғаны жарияланды. Желіде осы індет ошағында қалып кеткен травматолог-дәрігер - Дидардың видеосы пайда болды, деп хабарлайды zakon.kz.

Алматылық дәрігер Дидар Меркідегі әріптесі Толқынай секілді өздерінің қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілмегенін ашып айтып, құзырлы орган мен Президенттен өз істеріне қатысты әділ тексеру жүргізуді сұрайды. Сондай-ақ ол өзі жұмыс істейтін аурухананы ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі ауруханаларды жаппай тексеруді, сөйтіп коронавирустың таралу ошағын дер кезінде ауыздықтауды сұрайды.

Бұл видео журналист Мақсат Толықбайдың Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

- Біз басында тек медициналық маскамен жүрдік. Ал пневмония, жөтелген науқастардың барлығы төтенше жағдай жарияланғаннан бастап бізге ағылып түсіп жатты. Біз болсақ, бір маскамен жүрдік, түсінесіздер ме? Арнайы киім, арнайы маска, көзілдірік деген секілді қорғаныс құралдары бізде болған жоқ. "Неге жоқ" дегенде, "келсе береміз" деп жауап берді. Қабылдау бөлімінде отыратын травматолог-дәрігер ретінде менің өз басым арнайы киімді тек 7 сәуірде алдым. Бәрі кеш болғанда. Осылай індет ошағына айналдық. Травматолог әріптестерімнің көбісі инфекция жұқтырған. Науқастардан, әрине. Менің өзім 12 сәуірде тест тапсырғанмын, әлі жауап келмеді. Күтіп отырмын. Айтайын дегенім, тексеруді әділ жүргізсін. Біз отбасымыз үшін,бір-біріміз үшін алаңдаймыз. Біз де адамбыз. Ең дұрысы, коронавирус көптеп тарап кетпесін демесе, Қазақстанның барлық ауруханасын тексерсін. Қаладағы біздегі жағдай мынау, ал өңірлерде не болып жатыр, оны елестетудің өзі қиын? Мұнда жаппай ауру жұқтырғандар - бәрі карантинде, бәрі талдау нәтижесін күтіп, бір-біріміз үшін алаңдап отырмыз, - дейді видеода алматылық дәрігер.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: