ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов және т.б. баяндама жасады.
2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар автожолдардың 100%-ын (21 мың шақырым жолды салу, реконструкциялау және жөндеу), облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95%-ын (27 мың шақырымын жөндеу) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру жоспарланған. 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, 550 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылады.
Премьер-Министр биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Қалбатау – Майқапшағай, Мерке – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Петропавл – Ресей шекарасы, Қостанай – Денисовка сияқты учаскелерде 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылады.
"Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жергілікті маңызы бар жолдар бойынша биыл 3,5 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ, сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау. Барлық күшті жұмылдыру қажет", - деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-мен бірлесіп, осы жылы жоспарланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскелерде (Қапшағай – Талдықорған, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Нұр-Сұлтан – Павлодар және т. б.) автомобиль жолдарында төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.
"Құрылыс маусымын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеулер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін “жасыл дәліз” жұмысын қамтамасыз ету қажет", — деп А. Мамин, отандық құрылыс индустриясының қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.
Премьер-Министр еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдаланудың және оның артуына барлық көлік түрлерінің (авто- және темір жол көлігімен контейнерлерді тасымалдау, әуе жүк тасымалдары), сондай-ақ барлық негізгі операторлардың - ҚТЖ, ҚазАвтоЖол, Қазаэронавигацияның ықпал етуінің маңыздылығын атап өтті.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне транзиттік ағымды қолдау және ынталандыру үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырамын", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы биыл мемлекеттік бағдарламада қарастырылған Шымкент әуежайының жолаушылар терминалының және Түркістандағы халықаралық әуежайдың құрылысын аяқтауды, сондай-ақ Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларын реконструкциялау жұмысын бастауды тапсырды.
"Темір жол көлігі саласында вагон паркін жаңарту және магистралдық темір жол желісінің тозуын төмендету бойынша, сондай-ақ су көлігі саласында кеме қатынасы шлюздеріне күрделі жөндеу жүргізу бойынша жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажет", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы биыл "Нұрлы жол" аясында іске асыру жоспарланған барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін айтты.