Қазақстанда күніне 5 әйел жатыр мойны ісігіне шалдығып, екеуі көз жұмады. Ең әттегенайы дертпен ауырғандар жасарып келеді. Бойжеткендер мен жас аналар жетіп артылады. Аталған проблеманың ауқымы кеңейіп, ұлт саулығына жауаптылар жатыр мойнының обыры індеттік сипатқа ие болуы себепті алдын алу мақсатында вакцина жасау қажеттілігін алға тартып отыр. Бірақ осы жерде резонанс туды.
Әңгіменің әлқиссасы екпені балиғатқа толмағандарға салады. Қыз балаға 11 жасынан вакцина егу ата-аналардың, керек десеңіз кейбір қоғам белсенділері мен елге белгілі азаматтардың да қарсылығын туғызып отыр. Бұл жерде діни себеп те бар екендігін айта кету керек. Сонымен тараптардың тартысын таразыға тартсақ, кімнің қандай дәйегі мен дәлелі бар?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жарты жылдан бері Мәжілістің қабырғасында жатқан Денсаулық туралы кодекстің кейбір тұстары жуырда қоғамдық резонанс тудырды. Бір тәуліктің ішінде 40 мыңдай адам петицияға қол қойды. Елді алаңдатқан екпе салу, яғни вакцинация мәселесі. Құжат екі апта Егов сайты арқылы қоғамдық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтардың бірі балаларға екпе салуды міндеттеуге қарсылық білдірсе, енді бірі жасөспірім қыздарға жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы күресетін вакцина салуды құптамайды екен.
Ата-ана:
"Бұл вакциналар ерікт ітүрде болу керек. Оны міндеттеуге болмайды. Кім салдырғысы келеді".
Қазір Қазақстанда 30-ға жуық вакцинаның түрі бар. Солардың қатарына енді тағы біреуі қосылмақ. 11 жастан асқан қыз балаға салынады екен. Елімізде омырау безінің обырынан кейін жатыр мойнының қатерлі ісігі асқынып тұр. Орта есеппен күніне 5 әйел ауырып, оның екеуі көз жұмады, дейді мамандар.
Бақыт Әлібекова, онко-гинеколог:
"Мен мысалы операция жасап жүрмін. 26, 23 жаста, 21 жастағы әйелді емдедім. Жанымыз қатты ашиды".
Назгүл Саркеева, Алматы қаласының тұрғыны:
"Жаңа заң жобасының ішінде қыздарға жатыр мойнының ісігіне қарсы вакцина бар. Менің өсіп келе жатқан қыздарым бар. Мен ол вакцинаны салдыртқым келмейді. Себебі ол ұрпақсыз болып қала ма кейін, оның әсеріне менің көз жеткен жоқ".
Ел-жұрттың алаңдап отырғаны балаларының болашағы. Бала көтере алмай қалуы мүмкін деген қауесет бар. Алайда, мамандар мұндай екпенің әлемнің бірқатар елінде тәжірибеден өткенін алға тартуда.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі:
"Ол жаңа вакцина емес, дүниежүзі қолданады. Бізде де бар. Бірақ оны жаппай міндетті түрде деуге айта алмаймын. Мен өте қуанамын, халқымыздың өзекті сұраққа жан жақты келуі. Көп талқыланды".
Дәрігерлердің сөзінше, жатыр мойнының қатерлі ісігі жыныстық жолмен таралған жұқпалы вирустің салдарынан болады. Әсіресе, қатты күйзеліске түскен әйел затында асқынып кетеді, дейді дәрігерлер. Егер 9-11 жастағы қыз балаға аты жаман ауруға қарсы екпе салатын болса 15 жылға дейін азғасы күресе алады. Бойжеткен кезде де салуға болады.
Бақыт Әлібекова, онко-гинеколог:
"Вирус папилломы человека дейді, соның әсерінен қатерлі ісік пайда болады. 1990 жылы немістің ғалымы жатыр мойыны ісігінің сол вирустан болатынын тапқан. Оның 100 түрі бар. Әсіресе қауіптісі 16, 18 түрі".
Жұқпалы вирус ағзада 10 жылдай жүріп, біртіндеп қатерлі ісікке айналады екен. Сондықтан, қазіргі 30, 40 жастан асқан келіншектер арасындағы аты жаман ауру ол бір күнде келмеген. Сондықтан, жасөспірім шақта салудың пайдасы болмаса, зияны жоқ деп сендіруде мамандар. Алайда, халықты толғандырып отырғаны вакцинаның сапасы.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі:
"Әрине халықтың сенбеуінің, бір екі жағдай болды. осыдан 10 шақты жыл бұрын Сербиядан алынған БСЖ екпесінен кейін балаларды ахуалы төмендеді"
Мәжілістегі медицинадан хабары бар депутат ханымның сөзінше, талқыланып жатқан заң жобасында сапа, талап мәселесі де күшейтіледі екен. Өндіруші, тасымалдаушы компаниядан бастап, екпені салған дәрігердің де жауапкершілігі қаралуда. Әзірге, Парламент қабырғасында талқыланып жатқан маңызды құжат халықтың талап-тілегін ескеріп, тағы да толықтырылуы мүмкін.