Нұр-Сұлтанда шаштараздар қымбаттап кетті

Шашты жуып, сәндеуді қоспағанда жай ғана, қысқарту үшін бақандай 5000 теңге.

Шаштараздардың жұмысқа шыққаны сол-ақ еді, қызмет құны аспандап шыға келді. Астанада шашты қысқарту бақандай 5000 теңге. Қоғамдық көліктер тоқтап тұрғандықтан, салонға барып-келу де қалтаны біршама қағары анық. Ал өткен жылмен салыстырғанда шаштараздардың қызмет құны 5,2 пайызға көтерілген.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Иә, карантин біраз дүниенінің қадіріне жетуге үйреткені рас. Бұған дейін шаштараздың қызметіне мұншалықты мұқтаж болмаған шығармыз, сірә. Кешелі-бері жұмысқа кіріскен олар тіпті түшкіруге уақыт таппай жатқан көрінеді. Енді ше? Карантинге қамалған күйі шашы өскен жұрт бірден салондарға ағылды емес пе?! Бірақ, ондағы бағалар да сұранысқа сай аспандап кетіпті.

Бекхан Салықов, қала тұрғыны:

Карантин уақытында шашымды бастыра алмадым. Сосын айтты, апрельдың ортасынан бітеді деп карантин. Карантин алдында 2000-нан алатын шаштараздар бүгін 5000-ға алдым. Қазір қаланың арасында автобустар жүрмейді. Жолыммен қосқанда 7000 теңге кетіп қалады шаш бастыруға.


Ал әйелдер шашын қиюдың орташа бағасы наурыз айының соңында 1900 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың наурыз айындағы бағамен салыстырғанда 4,8 пайызға артық. Қызмет құны әсіресе Алматы және Нұр-Сұлтанда тіптен аспандап тұр. Ер адамның шашын алу Алматыда орташа есеппен 2800 теңге болса, елордада 2100 теңге. Жалпы алғанда, шаштараз қызметі бір ай ішінде 0,2%, ал бір жылда 5,2 пайызға қымбаттапты.

Шашты жуып, сәндеуді қоспағанда жай ғана, қысқарту үшін бақандай 5000 теңге. Мұндай сома карантиндегі халықтың қалтасына ауыр тиері анық. Кәсіпкер Анар Кешубаева мұндай қымбатшылықтың себебін былайша түсіндірді.

Анар Кешубаева, кәсіпкер:

"Шаш қию ғана қымбаттамайды деп ойлаймын. Өйткені, оған ешқандай материал кетпейді. Негізі қазір материалдардың барлығы қымбаттап жатыр. Мәжбүрміз оны қымбаттатуға, өйткені ол материалдар қымбаттаса, біраз бағасы көтеріледі".


Шаштараздар ашылғанмен, сұлулық салондары жабық тұр. Ұзақ уақыт талап ететін қызмет түрлеріне әзірге рұқсат берілген жоқ. Алайда елорда әкімі орынбасарының жұбайы, белгілі актриса Нұрбигүл Егізова бұл ақпараттан бейхабар тәрізді. 4 мамырдан бұрын сән салонынан барып, шашын боятқанны айтқан ол біраз жұрттың қытығына тиген еді.

Осы орайда әлеуметтік желі белсенділері актрисаны карантин шартын бұзды деп айыптап, шенеуніктің жарына шара қолдануды талап етуде.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: