Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Хабар-24.
Заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді және өзін-өзі реттейтін ұйымдарды тұтынушылар дауларын сотқа дейінгі реттеу мәселелеріне белсенді тартуға; тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруына; тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға; Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды енгізуге; тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруші ретінде рөлін, оның ішінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру арқылы күшейтуге бағытталған.
Депутат Меруерт Қазбекованың сөзіне қарағанда, депутаттар ішкі сауда субъектілерінің өздері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізген кезде сауда үстемесін өндірушілер мен көтерме сауда арқылы берушілер бағаларының 15 пайызына дейін шектеуі бойынша нормаларды қарастырды. Бұл талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік жауаптылық көзделеді.
"Бұл нормалар әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарлары бағысының өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Осы орайда бірінші кезекте қажетті саналатын ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұз және басқа да өнімдерді қамтитын 19 позиция қамтылған", - деді депутат.
Бұдан басқа, сауда базары әкімшісінің функционалдық міндеттері белгіленді. Осы орайда базар әкімшісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті бағалар туралы ішкі сауда субъектілерінің назарына жеткізуі бойынша міндеттерін белгілеу және осы міндеттерді сақтамаған жағдайда, оны әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша нормалар енгізді.
Еске сала кетейік, биыл 18 наурыздағы Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.