Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, Ғылым Академиясы, Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнография институтында аспирантурада жүрген кезім. Жетекшім – тарихтың сол замандағы корифейі, атасы Манаш Қозыбаев.
90-шы жылдар, астан-кестең, ауылдағылар комбикормды тамақ етіп, колхоз-совхоздар ыдырап, елдің мазасы кеткен заман. Ал, бас қаламыз болса, "Алматы: қазақтардың астанасы, орыстардың баспанасы, ұйғырлардың асханасы",- деп дәл айтылған ғой. Пәтер жалдап тұрамыз. Аспиранттың стипендиясы жетпейді әрине. Институттың еденін ғалымдар қайтқанда жуып, вагон түсіріп, жазда құрылысқа ("шабашка) барып тиын тауып келесің. Әттең, бір бөлме болса да тұратын жер болса деп, шамы жарқырап жанып тұрған үйлердің жанынан қызыға өтетін едік.
Маусым айының басында, ол да сол, пәтер жалдап тұратын Әйткен бауырым (Ұлықбек ағамыздың інісі) келіп, "Ертең қазықтарымызды алып, жер басып алуға шығамыз, барасың ба?",- деді. Бармағанда, қаламсаптан басқа жоғалтатын түгім жоқ. Ертесінде, қазықтарымзды құшақтап, жеттік "Орбитаның" жоғары жағындағы жерге. Негізі, өзіміздің универ балалары, тарих, заң, филология, математика, химия және т.б факультеттерді тәмамдап, пәтер жалдап, ғылым қуғандар, стажер мен аспиранттар, жас мұғалімдер. Ертеңіне және ары қарайғы күндері басқа оқу орындарынан, жұмысшы жастардан, тігін фабрикалары жатақханаларынан баспанам болса деп күйзелген жас отбасылар жинала бастады.
Желтоқсанның лебі болар, билікте әлі де отырған "үлкен аға" өкілдері дір ете түскен болуы керек, хатшылар, аппаратчиктер, ОМОН басшылары келе бастады. "Кетпейміз. Атамыз қазақтың қасық қаны тамған, өз жеріміз!",- деп қоямыз. Ішіңнен ойлап қоясың, аспирантура тәмамдалып, кандидат атағын алуға бір қалдам қалды ау", - деп. Әркімнің өз кішкене жоғалтатыны бар. Бір жақсысы, бала-шаға төркінінде, Ванновкада. Сотовый телефон жоқ, хабарсыз. Бірақ, баспана жанға батып барады. Мейлі, Наполеон айтқандай: "война – план покажет!".
Кетпедік. Киіз үй тігілді. Қалаға тарап, жатақхана, оқу орындарын аралап елді жинауға тырысамыз. Кештен бастап қызу талқылау. Тек қана қазақша сөйлейміз, әйтпесе осынша штраф, ортадағы табаққа саласың (шалақазақтардың ақшасын жинап, тамақ пісіресің). Елге қандай қызмет жасаймыз, нені өзгертеміз?! "Қарабауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр пырлап..", "Менің елім", Абай, Омар Хайям, Жами, Фирдоуси, Шәмшінің өлеңдері, Мұхтар Шаханов, Мұқағали, Олжас, Фариза, Есенберлин, Сәкен, Айтматовтарды айтып, рухтарын көтеріп, жанып тұрған жастар едік. Қазақ жастарына дефицит – кітап, жаңа өлеңдер, айтыс өнері болды. Кітаптарды кезектесіп, тозығы жетіп тесілгенше іздеп жүріп, түнімен оқып, келесіміз алатын едік.
Бір басшылардың келіп: "Тараңдар, қайтыңдар, бұл заңсыз!",- деп сөйлегендерін тыңдап тұрғанмын, бір майор жеңімнен тартып, оңашаға ымдайды. Қолымнан қысып: "Қайтпаңдар. Шыдаңдар. Билік қорқып отыр." деді. 86-дан кейін милицияны ұнатпай жүргенбіз, не сенерімді, не сенбесімді білмей даңмын. Тағы бір, салмақты, сұсты горкомнан, келген ағалар, тамағын жыртып, айқайға басқандармен сөйлесіп жүр. Кейіннен білдік қой, қызылдың қыспағында болса да қазағына қызғыштай шырылдап жүрген Балташ Тұрсынбаев пен қазірде отставкадағы генерал Асыл Кеней Сағымжан ағаларымыз екенін. Қызығы алдыда…Қазірде ойлап отырсам, "кукловод" жоғарыда екен.
Бір күні Нуркадилов деген мықты келді, деп шу ете қалды бәрі. Заманбек ағамызды сонда алғаш көруім. Мынандай, қасына баруға дәтің бармайтын сұсымен басатын кісі келді, Енді қалай болар екен деп тұрмыз. Баршамызбен қазақша амандасып, хал-жағдай сұрасып, "Ал енді кімсіңдер, не ойлап отырсыңдар?",-деді. Не дейміз. Баспанасыз, жетімдерміз деп жамырап бердік. "Алған соң, анау су қоймасынан ары, тауға дейін бірақ алмайсыңдар ма", деді, қалжың – шынын араластырып. Сәл ойланып: "Енді, бәрі заң аясында болсын. Мен қалалық атқару комитеті басшысымын. Сонда келіңдер, ақылдасайық",- деді.
Ертесінде, ортамыздан делегация шығарып, келіссөздерге барып жүрміз. Ол кісінің орынбасры Серік Абдрахманов ағамыз, Жібек Омарханқызы апайымыз (ұмытпасам), қазаққа күйеу бала Виктор Храпунов бар екен. Бәрі жылы жүзбен қарсы алады, шайларын беріп ақылдасады. Біз аң-таңбыз. Ақыры, сол өздері отырған ғимараттың (Абылай хан – Гогольден жоғары) 3-ші қабатындағы даңғарадай мәжіліс залын бізге беріп қойды. Жер алатындардың докуметтерін жинаңдар, папкаға тігіңдер,- дейді.Аралдан, Семейден, Қарақалпақстаннан, елдің әр түкпірінен жан бағып келген қазақта қайдағы құжат. Ол кезде қала тіркеуге (прописка) жабық болатын. Кеңестің қызыл паспорты, балаларының тууы туралы куәлік көшірмелері, болды. Бар документ осы. Оларды папкаларға салып тіркеп, жинап жатырмыз. "Шаңырақ" баспанасыздар ұйымы құрылып, басшы етіп университетті енді тәмамдаған Медет Құлжабаев бауырымызды тағайындап, жұмыс комитетіне Жеңіс Сабраимов, Тоқтасын Өмірзақов, Дәурен аға,,Жанат және тағы бірнеше жігіттер кірдік.
Ақыры, тізімдер жасалып, жаздың ыстығында тізіммен жер таратуға шығамыз. Ми дала. Жол, жарық, су, балабақша, мектеп жоқ, мынау қалай елді мекен болады екен,- деп те ойлап қоямын. Сол тірілікпен, кейіннен Алма-арасаннан "Хан тәңірі", развилкада "Думан", төменде "Шаңырақ", Төле бидің біткен жерінен "Алтын бесік" ықшамаудандары пайда болды.
Жер алғанымыз дұрыс қой, қазір қайда тұрамыз?,- деп батылданып алғансың, қаладағы бос ғимарат, жатақханаларды басып алу басталды. Виноградов,88 (қазірде Қарасай батыр) бұрында КазГУдің матфагінің жатақханасы босап қапты деп сонда мен де кіріп алдым. Орталық ескі монша мен осы жатақхана 1937 жылы салынып, тозғандықтан, құлатылсын деген қаулы бар екен. Құлату бағасы 110 000рубль. Оны, сол кездегі "Медеу банк" (Казкоммерцбанк) Суханбердин Нұржан уақытша қаржыландырып, Алла разы болсын ректор Әшірбек Сығаев марқұм ағамыз сатып берді.Екі жылдан соң ғимаратты сатып 133 отбасына үй алуға 400 000р тараттық. Сонда, жоғарыдан: "ана мұрттыға айтыңдар, қазақтан басқаға сатса, жердің түбінен мұртынан сүйреп шығарып, сазайын берем!",- деп сәлем айтып жіберіпті.
Тағы бір жай. Прописка жоқ деп зар жылап жүргенде, сол кездегі, қалалық паспорт столының басшысы полковник Шортанбаев Жұмахан ағамыз, бір паспортистін жатақханамызға отырғызып қойып, барлығымызды қалаға тіркеп берді.
Кейін естідік қой. Сол ағаларымыздың ақылымен, студент жатақхананың 3-і қабаты, шет бөлмеде, электр плиткасына аздап су құйылған жүнді бір ыдысқа салып, қайнатпақ болып, "ұмытып кетеді – мыс", бірақ түтін басталып, бөлме өртене бастағанда, өрт сөндіргіштер жылдам арада келіп жетіп, сөндіреді. Сол, "өртеніп кетті" деп студенттері мен сонда саналы ғұмырларын өткізген деканнан бастап, хатшыға дейін, қазірде "Байкен" мешітіне қиғаштап қарсы жақта тұрған жаңа үйлерден пәтерлер алып көшіп кетті.
Сонымен, Алматы қаласындағы қазақ жас отаулар тұратын жатақханалар отбасылық үйлер болып тіркеліп, мекемелердің балансындағы әлеуметтік нысаналар болып табылатын балабақшаларды, тұрғын үйлер ретінде тіркеуге мүмкіндіктер жасалды. Кейіннен естідік: қалада бір ғана 12-і қазақ мектебі қалыпты, тұрғындпрың 20 пайызын ғана құраппыз.
Осы үлкен шараларды жасап жүріп, қазірде алпыстан ауқымдаған құрдастарыммен бірлесіп, үлкен қызмет жасап жүргенімізді аңдамаппыз. "Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды!",- деген атамыз қазақ. Біз өз қамалымызды алыппыз…
Осыншама жыл айтылмай келген сырларды айтып өтіп, аты аталған және аталмаған, сыртымыздан қолдап, елі үшін қызмет еткен ағаларымызға разылығымызды білдіргіміз келеді. Халық, өз ерлерін ұмытпайды! Кейінгі талас – тартыс ол бөлек. Біз тек сол кездегі атқа қонған азаматтардың ниетін, қызметін айтып еске алып отырмыз. Алдыңғылар бақилық болып кетіп жатыр, қалғандарыңызға отыз жыл ойымыздағыны ел атынан білдірсек және де жастарға ғибрат болсын деген ниет.
Сонымен, ағалардаң артында тұрып, жер таратып, прописка жасатып, Алматы шаһарын қазақтандырған кукловод кім екен? Ол – қазақтың біртуар азаматы, қазақ дегенде бәріне барған – біздің Заманбек Нурқаділов ағамыз. Әрине, ол кісі де одан жоғары ағалармен келісіп жасаған болар. Шыны керек, ол жағын біле бермедік. Қазіргі ортамыздағы аға буын бізден көбірек біледі ғой. Біздікі тек, ағаларға айтар алғыс қана.
Мадияров Мирхат, тарих ғылымдарының кандидаты, дін және қоғамдық қатынастар эксперті.
Алматы. Мамыр 2020 жыл.